Тұтынушылардың электр қондырғыларын техникалық пайдалану қағидаларын


с. 1 с. 2 с. 3 с. 4
Тұтынушылардың электр қондырғыларын техникалық пайдалану қағидаларын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 24 қазандағы № 1354 Қаулысы

 

«Электр энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 4-бабының 24) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:



1. Қоса беріліп отырған Тұтынушылардың электр қондырғыларын техникалық пайдалану қағидалары бекітілсін.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 



Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

 

С. Ахметов

 

Қазақстан Республикасы



Үкіметінің

2012 жылғы 24 қазандағы

1354 қаулысымен



бекітілген

 


Тұтынушылардың электр қондырғыларын техникалық пайдалану
қағидалары

 

 



Мазмұны

 

Жалпы ережелер



Тұтынушылардың электр қондырғыларды техникалық пайдалануын ұйымдастыру

Тұтынушылардың электр қондырғыларын пайдалануға жіберу тәртібі

Тұтынушының электр қондырғыларын басқарудың автоматтандырылған жүйелері

Тұтынушының электр қондырғыларына техникалық қызмет көрсету, жоспарлы-алдын ала жөндеу, жаңғырту мен жаңарту

Техникалық құжаттама

Жалпы мақсаттағы электр жабдығы мен электр қондырғылары. Күш беретін трансформаторлар мен реакторлар

Таратқыш құрылғылар мен қосалқы станциялар

Электр тогын беретін әуе желілері және ток сымдары

Электр берілістің кәбілдік желілері

Электр қозғалтқыштары

Тұтынушылардың электр қондырғыларының релелі қорғанышы, электроавтоматика, телемеханика және екінші реттік тізбектері

Жерге тұйықтау құрылғылары

Тұтынушылардың электр қондырғыларын асқын кернеуден қорғау

Конденсаторлық қондырғылар

Аккумуляторлық қондырғылар

Бақылау, өлшеу және есепке алу құралдары

Электрмен жарықтандыру

Арнайы мақсаттағы электр қондырғылары. Электрмен дәнекерлеу қондырғылары

Электрқыздырғыш қондырғылары. Доғалық электр пештері. Плазмалы-доғалық және электронды-сәулелік қондырғылар

Кедергілік электр пештері

Индукциялық балқытқыш және қыздырғыш приборлар

Жоғары жиілікті қондырғылар

Электродты қазандықтар

Тұтынушылардың технологиялық электр станциялары

Тасымалданатын және жылжымалы электрқабылдағыштар

Қосымша Тұтынушылардың электр қондырғыларын қауіпсіз пайдалануға жауапкершілік жүктеу туралы міндеттеме-өтініш

 

 



Жалпы ережелер

 

1. Осы Тұтынушылардың электр қондырғыларын техникалық пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 24) тармақшасына сәйкес әзірленген және тұтынушылардың электр қондырғыларын техникалық пайдалану тәртібін айқындайды.



2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) оқшауландырылған бейтараптық - жерге тұйықталатын құрылғыға қосылмайтын немесе оған өлшейтін, қорғайтын, сигнализация құрылғылары және жоғары кедергіге ие басқа да ұқсас құрылғылар арқылы жалғанатын трансформатордың немесе генератордың бейтараптығы;

2) бейтараптық - электр жабдығының сымды орамаларының (элементтерінің) жұлдызшасына жалғанған жалпы нүктесі;

3) жерге саңылаусыз қосылатын бейтараптық - трансформатордың немесе жерге тұйықталған құрылғыға тікелей қосылған генератордың бейтараптығы;

4) тұтынушы - шарт негізінде электр энергиясын тұтынатын жеке немесе заңды тұлға;

5) жедел ток желісі - көрсетілген операцияларды орындау үшін электр қондырғыларын басқару, автоматтандыру, қорғау және сигнализациямен қамтуда пайдаланылатын электр энергиясын жеткізу мен таратуға арналған ауыспалы немесе тұрақты токтың электр желісі;

6) жинақтамалы тарату құрылғысы - жиналған немесе жинау үшін толықтай дайындалған коммутациялық аппараттары, жабдықтары, қорғау және автоматтандыру құрылғылары кіріктірілген толықтай немесе ішінара жабық шкафтар мен блоктардан тұратын жекелеген желі бойынша электр энергиясын таратуға арналған құрылғы, жинақтамалы тарату құрылғысы ішкі қондырғыға арналады, жинақтамалы тарату құрылғысы сыртқы қондырғыға арналады;

7) жинақтамалы трансформаторлық (түрлендіргіш) қосалқы станция - жинақталған немесе жинау үшін толықтай дайындалып қойылған трансформаторлар (түрлендіргіштер) мен блоктардан тұратын қосалқы станция. Жинақтамалы трансформаторлық (түрлендіргішті) қосалқы станциялар немесе олардың жабық үй-жайларда орнатылатын бөліктері ішкі қондырғыларға; ал далада қойылатыны - сыртқы қондырғыларға жатады;

8) жұмыс істеп тұрған электр қондырғысы - кернеулі немесе кернеу коммутациялық аппараттарды іске қосу арқылы берілуі мүмкін электр қондырғысы немесе оның бөлігі;

9) қосарланушылық - электр қондырғысын басқару және жұмыс барысында бақылайтын жауапты басшының рұқсат етуімен негізгі қызметшінің өз жұмыс орнында басқа да қызметтерді атқару;

10) жылжымалы электр қабылдағыш - көлік құралдарының көмегімен немесе қолмен итеріп апару арқылы орнына орналастыру мүмкіндігі қамтамасыз етілетін, ал ток көзіне қосылуы икемді кәбіл және уақытша алынып, салынатын немесе бөлшектенетін түйіспелі жалғамалар көмегімен жүзеге асырылатын конструкциясы болатын электр қабылдағышы;

11) кіріктірілген қосалқы станция - ғимараттың бір бөлігін алатын қосалқы электр станциясы;

12) қалыпты оқшауланатын электр жабдығы - асқын кернеуден қорғайтын әдеттегі шаралар кезінде найзағайдың асқын кернеуі әсеріне ұшырайтын электр қондырғыларында қолдануға арналған электр жабдығы;

13) жарылыстан қорғалған электр техникалық бұйым (электр техникалық құрылғы, электр жабдығы) - бұйымды пайдалану нәтижесінде оның қауіпті жарылысы болатын қоршаған ортасының тұтанып жану мүмкіндігі жойылған немесе қиындатылған арнайы мақсаттағы электр техникалық бұйым (электр техникалық құрылғы, электр жабдығы);

14) құрама шиналар жүйесі - электр тарату құрылғысы жалғайтын элементтер жинағы;

15) нысаналы нұсқаулық - нарядпен немесе жарлықпен анықталатын наряд берген жұмысшылардың бригада мүшесіне немесе атқарушыға дейін қамтитын жұмысшылар санатына электр қондырғысымен қауіпсіз нақты жұмыс істеу бойынша нұсқау;

16) нормаланбаған өлшенетін шама - абсолютті мәні нормалармен регламенттелмеген шама. Мұндай жағдайда электр жабдығының жай-күйіне баға беру алдыңғы өлшемдердің деректерімен немесе бір типтік электр жабдығында жасалатын қалған жинақтар нәтижесінде алынатын ұқсас өлшемдердің жақсы сипаттамалы мәндерімен салыстыру арқылы атқарылады;

17) жеңіл оқшаулағышы бар электр жабдығы - найзағайдың асқын кернеуі әсеріне ұшырамайтын немесе найзағайдың асқын кернеуі амплитудасын шектеп, қорғайтын арнайы шаралар кезінде электр қондырғыларында қолдануға арналған электр жабдығы;

18) өнеркәсіптік жиіліктің сынаулы кернеуі - сынауда белгілі бір жағдай туындаған кезде электр жабдығының берілген ішкі және/немесе сыртқы оқшаулағыш уақыты ішінде сақтайтын айнымалы токтың 50 герц (Гц) кернеуінің қолданыстағы мәні;

19) пайдалану - бұйымның өз мақсатына қол жеткізілуі іске асырылатын, қолдау табатын немесе қалпына келтірілетін тіршілік циклінің кезеңі;

20) тартымдық қосалқы станция - негізінен, көлік құралдарының түйіспелі торабы арқылы электрлік тартымына ток беруге арналған электрлік қосалқы станция;

21) техникалық қызмет көрсету - бұйымды мақсаты, сақталуы және тасымалдануы бойынша пайдалану кезінде оның жұмыс істеу қабілетін немесе жарамдылығын сақтау операцияларының кешені немесе операция (ұсақ-түйек жөндеуді қоса алғанда);

22) ток сымы - электр станциясы, қосалқы станция, кәсіпорын немесе цех шегінде электр энергиясын беруге және таратуға арналған, оқшаулағыштар мен құрылымдары бар шиналар немесе сымдар түрінде жасалған құрылғы;

23) күш беретін электрлік тізбек - функционалдық мақсаты электр энергиясын өндіру немесе беру, оны тарату, параметрлердің басқа мәндерімен энергияның немесе электр энергиясының басқа түріне түрлендіру болатын элементтерді қамтитын электрлік тізбек;

24) трансформаторлық қосалқы станция - трансформатордың көмегімен бір кернеулі электр энергиясын басқа кернеуге түрлендіруге арналған электрлік қосалқы станция;

25) түзетілген сыналатын кернеу - сынаудың белгілі бір шарттары кезінде берілген уақыт ішінде электр жабдығына салынатын түзетілген кернеудің амплитудалық мәні;

26) түрлендіргіш қосалқы станция - ток түрін немесе оның жиілігін түрлендіруге арналған электрлік қосалқы станция;

27) электр техникалық бұйымның (құрылғының) блокталуы - бұйымның басқа бөлігінің белгілі бір жай-күйі немесе жағдайы болатын кезде оның кернеудегі бөліктеріне кіру мүмкіндігі болмайтын немесе шиеленісе түсетін жағдайдың туындауын болдырмау мақсатында бұйымның бір бөлігі орындайтын операцияны шектеуге немесе тоқтатуға арналған электр техникалық бұйымның (құрылғының) бөлігі;

28) электр берудің әуе желісі - электр энергиясын жер үстінде орналасқан және оқшаулағыштар мен арматуралар көмегімен тіреуіштерге немесе инженерлік құрылыстардағы (көпірлердегі, жол сымдарындағы) кронштейндерге және тіректерге бекітілетін сымдар арқылы электр энергиясын жеткізуге арналған құрылғы. Электр берудің әуе желісінің басы мен соңына желілік порталдары немесе тарату құрылғысының желілік кірмелері, ал тармақталуы үшін тармақталу тіректері мен желілік порталдар немесе тарату құрылғылардың желілік кірмесі қабылданады;

29) электр берудің қосалқы тізбектері (электр станциясы, қосалқы станциялар немесе кез келген электр қондырғылары) - құралдар мен электр автоматикасын басқаруын, электр қондырғысының блокталуын, өлшенуін, қорғалуын және сигнализациясын жалғастырушы электр сымдары мен кәбілдердің, қысқыш қатарларының жиынтығы;

30) электр энергиясының көзі - энергияның әр алуан түрін электр энергиясына түрлендіретін электр техникалық бұйым (құрылғы);

31) электр берудің кәбілдік желісі - электр энергиясын немесе оның жекелеген тізбегін беру үшін жалғамалы, кідірткі және шеткі муфталармен (бітеулермен) және бекіткіш бөлшекті бір немесе бірнеше қатар кәбілдерден, ал май толтырылатын кәбілдік желілер үшін, одан басқа, қуат алатын аппараттары мен май қысымы сигнализациясының жүйесінен тұратын желілер;

32) электр беру желісі - электр станциясы немесе қосалқы станция аумағынан тыс шығатын және электр энергиясын беруге арналған электр желісі;

33) электр энергиясын қабылдағыш (электр қабылдағыш) - электр энергиясын тұтынатын және оны пайдалану үшін энергияның басқа түріне айналдырушы аппарат, агрегат, механизм немесе кез келген құрылғы;

34) электр станциясының (қосалқы станцияның) принципті электр схемасы - электр станциясының (қосалқы станцияның) электр тогы жүретін бөлігінің жұмыс принципі туралы мағлұмат беруші, жабдықтың құрамын және оның байланысын кескіндеуші схема;

35) электр қондырғысын (электр станциясын, қосалқы станцияны, сорғы станциясын) басқару қалқаны - бір үй-жайда орналастырылған электр қондырғысының жекелеген агрегаттарын басқару, қадағалау және қорғау құрылғылары бар панельдер мен қалқандарының жиынтығы;

36) тұтынушының электр торабы - белгілі бір аумақта жұмыс істейтін қосалқы станциядан, тарату құрылғыларынан, ток өткізгіштерден, электр қуатын беретін әуе және кәбілді желілерден құралатын электр энергиясын беруге және таратуға арналған электр қондырғыларының жиынтығы;

37) электр тарату пункті - қосалқы станцияның құрамына кірмейтін электр тогын таратушы құрылғы;

38) электр тогын таратушы құрылғы - коммутациялық аппараттарды, құрама және жалғамалы шиналарды, қосалқы құрылғыларды (компрессорлық қондырғылар, аккумуляторлық батареялар), сонымен қатар қорғау автоматика құрылғыларын және өлшегіш аспаптарды қамтитын және электр энергиясының бір кернеуде қабылданып, таратылуы үшін қызмет ететін электр қондырғысы;

39) электр сымы - құрылыстар мен ғимараттардың беткі немесе ішкі құрылымдық құрылыс элементтері бойынша салынатын сымдар мен кәбілдердің, оларға бекітілген, ұстап тұратын және қорғауыш бөлшектердің жиынтығы;

40) электр қондырғысы - кернеуі 0,4-220 киловольт (кВ) және электр энергиясын өндіру, беру, тарату және оны энергияның басқа түріне түрлендіруге арналған машиналар, аппараттар, желілер және қосалқы жабдық (олар қойылатын құрылыстар үй-жайларымен қоса) жиынтығы;

41) тұтынушы - шарт негізінде электр энергиясын тұтынатын жеке немесе заңды тұлға;

42) электр қондырғысы үшін жауапты тұлға - электр қондырғысымен (қондырғыларымен) қауіпсіз жұмыс жүргізуді ұйымдастыру міндеті жүктелген, әкімшілік-техникалық персонал қатарындағы жұмысшы;

43) сынақ - электр жабдығының сапасын арттыру резервтерін және жұмыстарының сенімділігін, басқа әдістермен сынауға жатпайтын құрылым бөлшектерінің немесе материалдардың жасырын ақауларының дайындау технологиясын, құрылымдарының кемшіліктерін айқындау мақсатында қызмет етудің әртүрлі әсер ететін факторлар мен режимдер кезінде электр жабдығымен жүзеге асырылатын жұмыстың сапа бақылауы бойынша оны пайдалану барысында және жөндеуден кейін электр жабдығында жүзеге асырылатын бірқатар техникалық немесе технологиялық іс-шаралар;

44) ағымдағы жөндеу - бұл кезекті жөндеуге дейін электр жабдығының қалыпты жұмысының кепілдігін қамтамасыз ету мақсатында пайдалану процесінде пайдаланушы персонал немесе жөндеу бригадасы электр жабдығын орнату орнында жүзеге асыратын және тексеру, тазарту, тығыздау, жекелеген жарамсыздықтарды жою, тозған бөлшектерді, түйіндерді ауыстыру немесе қалпына келтіру және механизмдерді реттеу, профилактикалық іс-шараларды өткізу көзделетін жоспарлы жөндеу;

45) күрделі жөндеу - бұл жабдықты қалпына келтіру және базалықты қоса алғанда, жабдықтың кез келген бөлігін ауыстыру немесе қалпына келтіру арқылы жабдық немесе желі ресурстарын толық немесе толық дерлік (80% кем емес) қалпына келтіру, жөнделген бөліктер мен жалпы жабдықты тексеру және реттеу, электр схемаларын қайта монтаждау, тозған құрылымдар мен желі учаскелерін ауыстыру немесе қалпына келтіру немесе оларды жөнделетін объектілердің пайдалану мүмкіндіктерін жақсартатын одан да сенімді және үнемділерге ауыстыру мақсатында жүзеге асырылатын жоспарлы жөндеу;

46) мамандандырылған ұйым - жұмыстың белгілі бір түрлерін жүргізуге тиісті лицензиясы бар заңды тұлға;

47) жергілікті нұсқаулық - кәсіпорын шегінде қолдану үшін әзірленетін және энергетикалық объектілердің басшылары бекітетін нұсқаулық.

 

 



Тұтынушылардың электр қондырғыларды техникалық
пайдалануын ұйымдастыру

 

3. Тұтынушылардың электр қондырғыларды пайдалануды арнайы дайындалған электр техникалық персонал жүзеге асырады.



Тұтынушылардың электр қондырғыларын пайдалану бойынша жұмыс көлемі мен күрделігіне байланысты электр техникалық персоналдың біліктілігіне сай жиынтықталған энергетикалық қызмет құрылады. Қызметтің осы түріне рұқсаты бар мамандандырылған ұйыммен (бұдан әрі - мамандандырылған ұйым) шарт бойынша электр қондырғыларын пайдалануға жол беріледі.

4. Электр қондырғыларын пайдалануды ұйымдастыру бойынша міндеттерді тікелей орындау үшін заңды тұлғаның жетекшісі тиісті құжатпен электр қондырғыларын пайдалану үшін жауапты тұлғаны (бұдан әрі - электр қондырғылары үшін жауапты тұлға) тағайындайды, және оның орынбасарын тағайындайды, ал жеке тұлғалар - кернеуі 1000 В-тан жоғары электр қондырғылардың иелері қауіпсіз пайдалану үшін жауапкершілік міндеттелетін арнайы ұйымдармен электр қондырғыларына қызмет етуге келісім-шарт жасайды.



Жеке тұлғалар - кернеуі 1000 В-тан төмен электр қондырғыларының иелеріне электр қондырғылары үшін жауаптылар тағайындалмайды, электр қондырғыларын пайдалану заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.

10 киловольтамперден (кВА) аспайтын электр қондырғылар орнатылған тұтынушыларда электр қауіпсіздігі үшін жауапты адамның міндетін атқаратын жұмыскер тағайындалмайды.



Электр қондырғылары үшін жауапты адам және оның орынбасары тұтынушының басшысы мен мамандар қатарынан тағайындалады.

Тұтынушыда бас энергетик лауазымы болған жағдайда электр қондырғылары үшін жауапкершілік оған жүктеледі.

5. Электр қондырғылары үшін жауапты адамның лауазымдық нұсқаулығын тұтынушының бас инженері (техникалық басшысы) жасайды.



Электр қондырғылары үшін жауапты адамның лауазымдық нұсқаулығында оның құқығы мен жауапкершілігі қосымша көрсетіледі.

6. Электр қондырғылары үшін жауапты адамды және оның орынбасарын тағайындау электр қауіпсіздігі бойынша тиісті тобы беріліп, білімі тексерілгеннен кейін жүргізіледі:



V - кернеуі 1000 В-тан жоғары электр қондырғыларында;

IV - кернеуі 1000 В-қа дейінгі электр қондырғыларында.

Электр қауіпсіздігі бойынша топтардың сипаттамасы Тұтынушылардың электр қондырғыларын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік техникасы қағидаларында қарастырылған.

7. Тұтынушының басшысы электр қондырғыларына жауапты адамның ұсынуы бойынша құрылымдық бөлімшелердің (филиалдардың) электр қондырғылары үшін жауапты адамдарды тағайындайды.



Тұтынушының электр қондырғылары үшін жауапты адам мен құрылымдық бөлімшелердің жауапты адамдары арасындағы міндеттерді бөлу және өзара қарым-қатынас олардың лауазымдық нұсқаулықтарында көрсетіледі.

8. Электр қондырғыларын техникалық пайдалануды және оларды монтаждау, реттеу, жөндеу, шарт бойынша сынау және өлшеу жұмыстарын атқаратын дара кәсіпкерлердің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қауіпсіздік техникасы мен пайдалану қағидалары бойынша білімі тексеріледі және электр қауіпсіздігі бойынша тиісті тобы болады.

 

 

Тұтынушылардың электр қондырғыларын пайдалануға жіберу тәртібі



 

9. Жаңа немесе қайта жаңартылған электр қондырғылары және іске қосу кешендері Қағидалардың осы бөлімінде көзделген тәртіппен қабылданады.

10. Электр қондырғыларын монтаждау немесе қайта жаңарту басталғанға дейін:

1) энергия жеткізуші ұйымдардың техникалық талаптарын алу;

2) жобалық құжаттаманы орындау;

3) жоба бойынша техникалық талаптарды беретін энергия жеткізуші ұйыммен жобалық құжаттаманы келісу қажет.

11. Электр қондырғыларын пайдалануға қабылдау алдында мыналар жүргізіледі:



1) энергетикалық объектіні салу мен монтаждау кезеңінде - құрылыс пен жабдық түйіндерін, оның ішінде жасырын жұмыстарды аралық қабылдау;

2) жабдықтың тапсырып-қабылдануын тексеру және электр қондырғыларының жекелеген жүйелерін іске қоса реттеуді тексеру;

3) жабдықты кешенді тексеріп байқау.

12. Жабдықтың тапсырып қабылдануын тексеру және жекелеген жүйелерін іске қоса реттеуді тексеру тапсырылатын электр қондырғылары бойынша барлық құрылыс және монтаждау жұмыстары аяқталғаннан кейін монтаждау және реттеу барысында енгізілген өзгерістері бар жобалық схемалар бойынша жүргізіледі.

13. Жабдықты кешенді тексеріп байқау кезінде жабдықтың жұмыс қабілеті мен технологиялық схемалары, оларды пайдалану қауіпсіздігі тексеріледі, басқару және бақылаудың барлық жүйелерінің, қорғау құрылғылары мен блоктау, сигнализация құрылғылары мен бақылап-өлшеу құралдарын тексеруді және реттеуді жүзеге асырады. Кешенді тексеріп байқауды тұтынушы немесе мамандандырылған ұйым жүргізеді және негізгі және қосалқы жабдықтың 72 сағат ішінде, ал электр берудің желілері 24 сағат ішінде қалыпты және үздіксіз жұмыс істеу жағдайы кезінде жүргізілді деп есептеледі.

14. Салу және монтаждау барысында жіберілген ақаулар мен кемшіліктерді, сондай-ақ электр қондырғысын тапсырып қабылдау және іске қосып реттеуді тексеру, электр қондырғыларын кешенді тексеріп байқау барысында жабдықтың айқындалған ақаулары толығымен жойылуы керек. Ақаулары мен кемшіліктері бар электр қондырғыларын пайдалану үшін қабылдауға тыйым салынады.

15. Энергетикалық нысанды сенімді және қауіпсіз пайдалану үшін тұтынушының электр қондырғыларын пайдалану үшін тексеріп байқау және қабылдау алдында:

1) электр техникалық және электр технологиялық персоналды электр қауіпсіздігі бойынша топтарға жиынтықтау;

2) пайдалану нұсқаулықтары, еңбекті қорғау бойынша нұсқаулықтарын және жедел схемаларын, есеп беру мен есептілік бойынша техникалық құжаттамасын әзірлеу және бекіту;

3) қорғану құралдарын, аспаптарды, қосалқы бөлшектер мен материалдарды дайындау және сынау;

4) байланыс, сигнализация және өрт сөндіру, авариялық жарықтандыру мен желдету құралдарын қолданысқа енгізу.

16. Меншікті энергия көзі бар немесе электрмен жабдықтаудың өз жүйесінде электр желілерінің дербес кәсіпорны бар тұтынушыларда, сондай-ақ электр шаруашылық құрамында бас төмендеткіш қосалқы станциялары, дамыған электр желілері, жоғары вольтты таратушы құрылғылар жүйесі мен цехтың төмендеткіш қосалқы станциялары бар ірі энергиялық сыйымды тұтынушыларда электр қондырғыларымен жедел диспетчерлік басқару ұйымдастырылады, оның міндеттері мыналар:



1) жұмыстың талап етілетін режимін әзірлеу және жүргізу;

2) электр жабдығын және электр желісін қайта қосу, іске қосу және тоқтатуын жүргізу;

3) аварияны жою және жұмыс режимін қалпына келтіру;

4) электр қондырғыларындағы жөндеу жұмыстарының өндірісіне схемалар мен жабдықтарды жоспарлау және дайындау;

5) электр энергиясының сапасы бойынша талаптарды орындау;

6) тұтыну режимін сақтау кезінде электр жабдығының үнемді жұмысын қамтамасыз ету және электр энергиясын тиімді қолдану;

7) электр энергиясын өндіру, түрлендіру, беру, тарату мен тұтыну кезінде бас тарту аварияның алдын алу және жою.

17. Электр қондырғыларын жедел басқару жүйесін, ұйымдастырушылық құрылымын және жедел басқару нысанын, сондай-ақ электр қондырғыларына жедел қызмет көрсету түрін, ауысымдағы жедел персоналдың жұмыскерлер санын тұтынушының басшысы анықтап, кәсіпорын (ұйым) бойынша бұйрықпен ресімдейді.

18. Тұтынушының электр қондырғыларын жедел басқару құрылымы деңгейлер арасындағы жедел бақылау және басқару қызметінің бөлінуін, сондай-ақ басқарудың төменгі деңгейінің жоғарғысына бағынысты болуын көздейді.

Электр энергиясының тұтынушылары үшін жедел басқарудың жоғары деңгейі өңірлік және өңіраралық электр тораптық кәсіпорындарының (аумақтық электр желілерінің (таратушы электр компанияларының) орталық диспетчерлік қызметі, аумақтық диспетчерлік орталық, желілік оператордың ұлттық диспетчерлік қызметі) тиісті диспетчерлік қызметтері болып табылады.

Тұтынушы цехтарының (құрылымдық бөлімшелерінің) шұғыл қызметтері үшін жедел басқарудың жоғары деңгейі электрмен жабдықтайтын орталықтандырылған цехтардың немесе кәсіпорындардың (ұйымдардың) негізгі төмендегі қосалқы станцияларының жедел қызметтері болып табылады.

19. Жедел персонал қатарынан тағайындалған аға жұмыскердің жедел басқаруында бірнеше нысандардағы режимдердің келісілген өзгертулері және өзіне бағынысты жедел персоналдың іс-әрекетін үйлестіруді талап ететін операциялар, жабдық, электр беру желілері, ток сымдары, релелік қорғану құрылғылары, аварияға қарсы және режимдік автоматика жүйесінің аппаратурасы, диспетчерлік және технологиялық басқару құралдары болады.



Көрсетілген жабдықпен және құрылғылармен жүзеге асырылатын операциялар жедел персонал қатарынан тағайындалатын аға жұмыскердің басшылығымен жүргізіледі.

20. Жедел персонал қатарынан тағайындалған аға жұмыскердің жедел иелігінде энергетикалық объектілер персоналының іс-әрекетін үйлестіруді талап етпейтін операциялар, жабдық, электр беру желілері, ток сымдары, релелік қорғану құрылғылары, аварияға қарсы және режимдік автоматика жүйесінің аппаратурасы болады, бірақ олардың жұмыс жай-күйі мен режимі электр желілерінің режимі мен сенімділігіне, сондай-ақ аварияға қарсы автоматика құрылғысына әсер етеді.



Көрсетілген жабдықпен және құрылғылар арқылы жүзеге асырылатын операциялар жедел персонал қатарынан тағайындалатын аға жұмыскердің рұқсатымен жүргізіледі.

21. Тұтынушының электр беру желілері, ток сымдары, электрмен жабдықтау жүйесінің жабдықтары мен құрылғыларының барлығы жедел басқару деңгейі бойынша бөлінеді.



Жедел басқаруда немесе тұтынушының жедел персоналы қатарынан тағайындалатын аға жұмыскердің жедел қарауында болатын электр беру желілері, ток сымдары, жабдықтар мен құрылғылар тізбесі өңірлік және өңіраралық электр тораптық кәсіпорындардың тиісті диспетчерлік қызметімен жедел басқару бойынша орындалатын өзара іс-әрекет есепке алынады және тұтынушының электр қондырғысы үшін жауапты тұлғасы мен тұтынушының техникалық басшысы бекітеді.

22. Тұтынушы цехтарының (құрылымдық бөлімшелердің) электр шаруашылығы нысандарын жедел басқарудың түрлі деңгейдегі персоналы арасындағы өзара қарым-қатынастар, сондай-ақ тұтынушының жедел персоналы мен тиісті электр тораптық кәсіпорындары (орталық диспетчерлік қызметі, аумақтық диспетчерлік орталық, желілік оператордың ұлттық диспетчерлік қызметі) арасындағы қарым-қатынастары белгіленген тәртіппен келісілген және бекітілген тиісті ережелермен, шарттармен және нұсқаулықтармен регламенттеледі.

23. Жедел басқару қалқанынан немесе диспетчерлік пункттен немесе осы мақсатқа арналған кез келген электр техникалық үй-жайдан жүзеге асырылады.

Басқару қалқандары (пункттер) байланыс құралдарымен жабдықталады.

24. Жедел басқару қалқандары (пункттері) және осы мақсатқа арналған басқа да үй-жайлар жедел басқарудағы электр қондырғылары электрлі жалғасуының жедел схемаларымен (схема-макеттері) қамтамасыз етіледі және барлық аппараттардың нақты жай-күйі мен нөмірлері көрсетілген жылжымалы жерге тұйықтау орындарының салынуы белгіленеді.



Электр қондырғылары мен релелік қорғану және автоматика құрылғыларын байланыстыру схемаларындағы барлық өзгерістер, сондай-ақ жерге тұйықтау салу және алу орындарын қайта қосу бойынша операцияларды жүргізгеннен кейін жедел схемада (сызба-макетте) көрсету қажет.

25. Электр қондырғылары үшін тұтынушының электр қондырғылары үшін жауапты тұлға 2 жылда 1 рет бекітілетін, жабдық жұмысының қалыпты режимдері кезіндегі барлық кернеулі электрлік байланыстырудың бір желілік схемалары жасалады.

26. Диспетчерлік пунктте, тұтынушының электрмен жабдықтау жүйесінің басқару қалқанында және объектіде персоналдың тұрақты кезекші бола отырып, аварияны болдырмау және жою жөніндегі жедел-диспетчерлік басқарудың жоғары органымен келісілген жергілікті нұсқаулықтары болуы қажет.

27. Тұтынушы нақты бір кәсіпорынның (ұйымның) ерекшелігі мен құрылымдық өзгешелігін есепке ала отырып, жедел қайта қосу мен авариялық режимдерді жою, жедел келіссөз бен жазба жүргізу, жедел басқару жөніндегі нұсқаулықтарды әзірлейді.

28. Тұтынушы электр қондырғыларымен қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді, ол мынаны қамтиды:

1) барлық электр жабдығы жұмысының жай-күйі мен режимін қадағалау;

2) электр жабдықтарын кезеңді қарап шығу;

3) ағымдағы пайдалану тәртібімен орындалатын және электр қондырғылары үшін жауапты тұлға бекітетін жұмыстардың тізбесіне сәйкес электр жабдығындағы электр қондырғыларында жоспарда көзделмеген шағын көлемді жұмыстарды жүргізу;

4) жедел қайта қосу өндірісінде;

5) жөндеу бригадалары үшін жұмыс орындары мен схемаларын дайындау, олардың жұмысқа қосылуына рұқсат беру, жұмыс уақытында оны қадағалау және барлық жұмыс аяқталғаннан кейін схемаларын қалпына келтіру.

29. Қосалқы станциялар, қалқандар және құрамалардың тарату құрылғыларының электр схемаларындағы қайта қосу өкім бойынша немесе жоғары тұрған жедел персоналдың нұсқауы бойынша, жедел басқаруда немесе осы жабдық иелігінде, ауызша (жүзбе-жүз тілдесуі кезінде) немесе телефон арқылы өкім бойынша кейін жедел журналға жазып орындалады.



Жедел қайта қосуды электр қондырғыға тікелей қызмет көрсететін жедел персонал тұлғалары қатарынан жұмыскер орындайды.

Қайта қосу туралы өкімде олардың бірізділігі көрсетіледі. Жұмыскерге берілген өкім осы туралы хабар алынғаннан кейін ғана орындалды деп есептеледі.

30. Күрделі қайта қосулар, сондай-ақ блоктау құрылғыларымен жабдықталмаған немесе жарамсыз блоктау құрылғылары бар электр қондырғыларындағы барлық қайта қосулар (жекелерден басқа) қайта қосудың бағдарламалары немесе бланкілері бойынша орындалады.



Күрделі қайта қосуларға коммутациялық аппараттармен, жерге тұйықталатын ажыратқыштар мен релелік қорғану, өртке қарсы және режимдік автоматика құрылғыларымен операциялардың қатаң бірізділігі талап етілетін қайта қосу жатады.

31. Тұтынушының электр қондырғылары үшін жауапты тұлғасы бекітетін күрделі қайта қосу тізбесі кәсіпорындардың (ұйымдар) негізгі төмендеткіш қосалқы станцияларының диспетчерлік пункттерінде, басқару қалқандарында сақталады.



Күрделі қайта қосулар тізбелері схеманың, жабдық құрамының, реле қорғанысы және автоматика құрылғысының өзгеруі кезінде қайта қаралады.

32. Күрделі қайта қосуларды екі жұмыскер орындайды, олардың біреуі бақылаушы болып табылады.



Ауысымда жедел персонал қатарынан жұмыскердің біреуі болған кезде электр қондырғысының схемасын, қайта қосу өндірісінің ережесін және қайта қосуды орындауға жіберілген әкімшілік-техникалық электр персоналынан жұмыскер бақылаушы болып табылады.

33. Күрделі қайта қосу кезінде реле қорғанысы және автоматика тізбектеріндегі операция үшін үшінші жұмыскерді реле қорғанысы және автоматика қызметінен персоналды тартуға рұқсат беріледі. Бұл алдын ала күрделі қайта қосу бланкілерімен танысқан және оған қол қойған жұмыскер алғашқы схемадағы қайта қосуды орындаушы жұмыскердің өкімі бойынша орындайды.



Қалған қайта қосудың барлығы блоктауыш құрылғысының жұмыс қабілеті болған кезде ауысым құрамына қарамастан жеке орындалады.

34. Кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда (жазатайым оқиға, табиғи апат, сондай-ақ апаттарды жою кезінде) өкімсіз немесе жоғары жедел персоналға айтпай, оған кейін хабарлап және жедел жазба журналына кейіннен жазып, жергілікті нұсқаулықтарға сәйкес қосуларды орындауға рұқсат етіледі.

35. Жедел қайта қосуды орындауға құқылы жұмыскерлердің тізімін тұтынушының электр қондырғыларына жауапты тұлға бекітеді.

36. Тұтынушының жоғары жедел қызметтерімен жедел келіссөз өткізу құқығы бар жедел персоналдың тізімін тұтынушының электр қондырғыларына жауапты тұлғасы бекітеді және тиісті кәсіпорындардың диспетчерлік қызметтеріне (Аумақтық электр желілерінің (таратушы электр компанияларының) Орталық диспетчерлік қызметі, Аумақтық диспетчерлік орталық, Желілік оператордың Ұлттық диспетчерлік қызметі), сондай-ақ энергиямен жабдықтаушы ұйымдар мен қосалқы абоненттерге тапсырылады.

37. Қайталанылатын күрделі қайта қосулар үшін электр торапты кәсіпорындары мен энергиямен жабдықтаушы ұйымдарда қолданылатын электр қондырғыларындағы қайта қосу бойынша типтік нұсқаулықтар негізінде тұтынушының электр қызметтері әзірлейтін типтік бағдарламалар мен қайта қосу бланкілері қолданылады.

Технологиялық талаптардың бұзушылығын жою кезінде немесе оларды болдырмау үшін қайта қосу бланкілерінсіз кейін жедел жазба журналына жазып, қайта қосуды жүргізуге рұқсат етіледі.

38. Жедел құжат болып табылатын қайта қосу бланкілері мен бағдарламада электр қондырғыларын жалғастыру схемалары мен релелік қорғаныс және автоматика тізбектерінде қайта қосуды жүргізу кезінде операциялардың тәртібі мен бірізділігі белгіленеді.

39. Қайта қосу бағдарламаларын (типтік бағдарламалар) түрлі энергетикалық нысандар мен басқарудың түрлі деңгейінің электр қондырғыларында қайта қосуды жүргізу кезінде жедел персонал басшылары қолданады.

Бағдарламаларды жете талдау дәрежесі жедел басқару деңгейіне сәйкес орындалады. Қайта қосуды тікелей орындаушы жұмыскерлерге қайта қосу бланкілері мен толтырылған тиісті диспетчердің қайта қосу бағдарламасын қолдануға рұқсат етіледі.

40. Қайта қосудың типтік бағдарламаларын жаңа жабдықты енгізу, алмастыру немесе ескірген жабдықты ішінара бөлшектеу, таратушы құрылғыларды жаңартумен байланысты электр қондырғыларының электр жалғастыруының негізгі схемасындағы өзгерістер кезінде, сондай-ақ релелік қорғаныс және автоматиканың орнатылған құрылғыларында жаңаларды немесе өзгертілгендерді қосу кезінде түзетуді талап етеді.

41. Кернеуі 1000 В-тан жоғары электр қондырғыларында қайта қосу былайша жүргізіледі:

1) қайта қосу бланкілерінсіз - қарапайым қайта қосу және барлық қайта қосу барысында ажыратқыш және жерге тұйықтау пышақтармен дұрыс емес операцияларды болдырмайтын блоктауыш құрылғыларының болуы кезінде;

2) қайта қосу бланкісі бойынша - блоктауыш құрылғылардың болмауы немесе ақаулығы, сондай-ақ күрделі қайта қосу кезінде.

42. Апатты жою кезінде қайта қосу бланкісінсіз, кейін жедел журналға жазу арқылы жүргізіледі.



Қайта қосу бланкілері нөмірленіп, белгіленген тәртіпте сақталуы тиіс.

43. Кернеуі 1000 В-қа дейінгі электр қондырғыларында қайта қосу бланкілерді толтырмай, бірақ жедел журналға жазу арқылы жүргізіледі.

44. Қандай да бір жұмысты жүргізу үшін технологиялық персоналдың ауызша өтінімі бойынша токтан ажыратылған электр жабдығы оны токтан ажыратуға өтінім берген жұмыскердің немесе оның қызметін атқаратын жұмыскердің талабы бойынша ғана токқа қосылады.

Технологиялық персоналдың өтінімі бойынша уақытша токтан ажыратылған жабдықты іске қосу алдында жедел персонал жабдықты қарап шығуға, оның кернеуде іске қосылу дайындығына көз жеткізуге және токқа қосылатыны туралы онымен жұмыс істеуші персоналды ескертуге міндетті.

Электр жабдығын істен ажырату және іске қосу өтінімін ресімдеу тәртібін тұтынушының электр қондырғыларына жауапты тұлға бекітеді.

45. Жөндеуде немесе сынаудағы жабдықтың тұрақты кезекші персоналы бар электр қондырғыларда кернеуге қосуды жедел персонал оны жауапты басшыдан немесе жұмысты жүргізушіден қабылдап алғаннан кейін ғана жүргізеді.



Тұрақты кезекші персоналы болмайтын электр қондырғыларында жабдықты жөндеуден немесе сынаудан кейін қабылдау тәртібі олардың ерекшеліктері мен қауіпсіздік талаптарының орындалуын есепке алып, тұтынушымен белгіленеді.

46. Электр қондырғыларындағы қайта қосу кезінде мынадай тәртіпті сақтау қажет:



1) қайта қосуға тапсырма алған жұмыскер оны қайталап, жедел жазба журналына жазып қоюға және жедел схема немесе схема-макеті бойынша алда болатын операциялардың тәртібін белгілеуге міндетті;

2) қайта қосу бланкісін толтыруға (қажет болған жағдайда);

3) жедел персоналдың өткізілетін келіссөздері, қабылдайтын хабарламалары мен жіберілетін өкімдерді персонал дұрыс түсінбей қалуын болдырмайтын тілде жүзеге асырылады;

4) егер қайта қосуды екі адам орындаса, онда өкім алған жұмыскер қайта қосуға қатысатын екінші жұмыскерге жалғастырудың жедел схемасы бойынша тәртібі мен алда болатын операцияның бірізділігін түсіндіруге міндетті;

5) қайта қосуды орындау дұрыстылығына күмән туған кезде оларды тоқтатып, жалғастырудың жедел схемасы бойынша талап етілетін бірізділігін қайталау қажет;

6) қайта қосу тапсырмасы аяқталғаннан кейін жедел жазба журналына жазып қойылады.

47. Тұтынушының электр жабдығы жұмысының схемалары мен режимдерінің жоспарланатын өзгерістер, диспетчерлік қызметтердің басқаруындағы жабдық пен реле қорғаныс және автоматика құрылғысында болатын өзгерістер кезінде жедел басқарудың тиісті деңгейлерінде қайта қосудың типтік бағдарламалары мен бланкілеріне қажетті өзгерістер мен толықтырулар алдын ала енгізіледі.

48. Қайта қосуды тікелей орындайтын жедел персоналға өз еркімен блоктау жұмысынан шығаруға тыйым салынады.

Айырғышы бар ажыратқыштың блоктауыш ақауын байқаған кезде жедел персонал бұл туралы жедел персонал арасынан аға жұмыскерге хабар беруге және оның қатысуымен және рұқсатымен ғана блоктауышты уақытша алып тастап, істен ажыратылған ажыратқыштың жағдайын сол жерде алдын ала тексеріп, блоктауыштың тоқтап қалуын айқындағаннан кейін ғана операцияны жүргізуге міндетті.

Блоктауышты ашу қажет болған жағдайда қайта қосу бланкісіне блоктауышты ашу жөніндегі операция енгізіліп толтырылады.

49. Қайта қосу бланкісін оны жүргізуге өкім алған кезекші толтырады. Күрделі қайта қосу кезінде бланкіге қайта қосуды орындаушы және бақылаушы қолдарын қояды.



Қайта қосуды орындау кезіндегі бақылаушы лауазымы бойынша жоғары болып табылады.

Барлық жағдайда қайта қосудың дұрыстығына жұмысты орындаушының екеуі бірдей жауап береді.

50. Тұтынушының электр қондырғыларында жедел қызметтердің тұрақты кезекшілігімен қайта қосуды орындаушыға жедел қосылулар жүргізуге бір тапсырмадан артық берілмейді.

51. Бір мезгілде бір мақсаттағы операцияны қамтитын бір ғана тапсырма беріледі. Жедел жолға шығатын бригадалардың қайта қосуды жүргізу кезінде бір бригадаға бір мезгілде берілетін тапсырма санын жоғарғы жедел персонал анықтайды.

Қайта қосу бланкісі бойынша орындалатын әрбір тапсырмаға жеке бланкі жазылады.

52. Таратушы жиынтықты құрылғыларда (жиынтықты трансформаторлық қосалқы станцияларда) қайта қосу, оның ішінде, жабдық тиелген арбаларды сүйретіп әкелу және сүйретіп әкету, сондай-ақ кернеуі 1000 В-қа дейінгі қалқандар мен құрамалардағы таратушы құрылғыларда қайта қосуды осы электр қондырғыларына қызмет көрсетуші жедел персонал арасынан бір жұмыскерге ғана орындауға рұқсат беріледі.

53. Істен ажыратылған жоғары вольтті ажыратқышты қайта іске қосуды оның жетегі қабырғамен немесе металл қалқанмен қорғалмаған жағдайда, істен ажыратылған нысанды алдын ала тексерместен, тек қашықтықты басқару арқылы жүргізуге болады.

54. Жоғарғы жедел персоналдың жедел басқаруындағы электр қондырғыларында, электр тораптары мен релелік қорғаныс және автоматика құрылғыларында қайта қосу оның өкімі бойынша жүргізіледі.



Электр қондырғыларында бір мезгілде тұтануға жалғасқан апатты жою кезінде жедел персонал жергілікті нұсқаулықтар мен өрт сөндірудің жедел жоспарына сәйкес әрекет етеді.

55. Қайта қосу туралы өкімде жоғарғы жедел персонал белгілейтін қажетті талданып тексерілген электр қондырғыларының схемаларында, сондай-ақ релелік қорғаныс және автоматика тізбектеріндегі операциялардың бірізділігін көрсету қажет.

56. Жедел персонал электр қондырғыларында кернеудің кенеттен жоғалып кетуіне және оның кез келген уақытта пайда болуына ескертусіз дайын болады.

57. Өзінің тізбегінде ажыратқышы болатын жалғастыруды кернеуде іске қосу және істен ажырату ажыратқыштың көмегімен орындалады.



Бөлгіштер, айырымдар, таратушы жиынтықты құрылғылардың, оның ішінде сыртқы құрылғылардың, жалғастыруын алынбалы түйіспелер арқылы іске қосуға және істен ажыратуға рұқсат етіледі:

1) кернеуі 110-220 кВ күш беретін трансформаторлардың бейтараптығын;

2) торапта жермен тұйықталмаған кезде кернеуі 6-35 кВ жерге тұйықтайтын доға сөндіргіш реакторларды;

3) жерге тұйықталып бейтараптандырылуы кезінде кернеуі 110-220 кВ күш беретін трансформаторлардың магниттелетін тогын;

4) күш беретін трансформаторларды жерге тұйықталатын доға сөндіргіш реактор қосылатын бейтараптығына, тек соңғысы токтан ажыратылған жағдайы кезінде магниттелетін тогын;

5) кернеуі 10 кВ және төменгі, сыртқы және ішкі құрылғылардың механикалық жетегімен қалыпты стандартты үш полюстік айырғыштар және қуаты 750 кВА-ға дейін қоса алғандағы трансформаторлардың магниттелетін тогын істен ажыратуға және іске қосуға рұқсат етіледі;

6) зарядты токты және оқшауланған бейтараптылығымен тораптардағы электр берілісінің әуе және кәбілді желілерін жерге тұйықтайтын токты;

7) барлық кернеулі жабдықтың шина жүйелерінің зарядты тогын (конденсаторлы батареялардан басқа), сондай-ақ тиісті электр желілері компаниялардың нормативтік-техникалық құжаттарының талабын сақтай отырып жалғастырудың зарядты тогын.

Кернеуі 6-10 кВ айналмалы тораптардағы 70 А-ға дейінгі теңестірілуші токтарды айырғыштарымен істен ажыратуға және айырғыштардың ашылған түйіспелеріндегі кернеу айырмашылығы нақты көрсеткішінің 5%-ынан аспаған кезде айналмадағы торапты тұйықтауға рұқсат етіледі. Кернеуі 10 кВ және одан төмен болған кезде сыртқы құрылғылардың үш полюсті айырғыштарымен 15 А-ға дейінгі жүктемелі токты іске қосуға және істен ажыратуға рұқсат беріледі.

Егер ажыратқышты істен ажырату оның талқандалуына және қосалқы станциялардың тоқтап қалуына алып келетін болса, онда шина жүйесіндегі басқа да жалғастырудың бірнеше ажыратқыштарын бір ажыратқышпен немесе тізбекпен шунтталған 220 кВ ақаулы ажыратқышты айырғыштармен қашықтықтан басқару арқылы істен ажыратуға рұқсат етіледі.

 

 



Тұтынушының электр қондырғыларын басқарудың автоматтандырылған жүйелері

 

58. Тұтынушылардың электр шаруашылығының төмендегідей кешенді міндеттерін шешу үшін қолданылатын басқарудың автоматтандырылған жүйелерімен жарақтандырылуы талап етіледі:



1) жедел басқару;

2) өндірістік-техникалық қызметтің басқару;

3) пайдаланушы персоналды даярлау;

4) техникалық-экономикалық болжау мен жоспарлау;

5) электр жабдығын жөндеу, электр энергиясын өткізу және тарату, электр шаруашылығын дамыту, материалдық-техникалық жабдықтау және кадрларды басқару.

59. Басқарудың автоматтандырылған жүйесі кәсіпорынды басқарудың автоматтандырылған жүйесінің ішкі жүйесі болып табылады және соңғысымен келісілген көлемде тиісті электр беруші ұйымдардың диспетчерлік пунктімен байланыстың және телемеханиканың қажетті құралдары бар.

60. Әрбір электр шаруашылығындағы басқарудың автоматтандырылған жүйесінің кешенді міндеттері қолданбалы бағдарламалар пакеттері бар типтік шешімдерін және техникалық құралдар мүмкіндігінің ұтымды пайдаланылуын есепке алып, өндірістік және экономикалық орындылығы тұрғысынан таңдап алынады.

61. Басқарудың автоматтандырылған жүйесінің техникалық құралдар кешенінің құрамына мыналар кіреді:



1) ақпаратты жинау және беру құралдары (ақпарат датчигі, байланыс арналары, телемеханика құрылғылары, деректерді беру аппаратурасы);

2) ақпаратты өңдеу және дұрыс көрсету құралдары (электронды есептеу машинасы, ұқсас және цифрлы құралдар, дисплейлер, басылым құрылғылары);

3) қосалқы жүйелер (электрлік қоректендіру, ауаны баптау, өртке қарсы құралдар).

62. Басқарудың автоматтандырылған жүйесін пайдалануға енгізу қабылдау комиссиясының актісі негізінде жүргізіледі. Басқарудың автоматтандырылған жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға енгізу алдында ұзақтығы 6 айдан аспайтын тәжірибелік пайдалану болады.



Басқарудың автоматтандырылған жүйесін өнеркәсіптік пайдалануға қабылдауды электр қондырғысын өнеркәсіптік пайдалануға қабылдау аяқталған соң және енгізілетін кезектілігі үшін қарастырылған барлық міндеттер шешілгеннен кейін жүргізіледі.

63. Басқарудың автоматтандырылған жүйесін пайдалануды ұйымдастыру кезінде бағдарламалық қамтамасыз етудің техникалық құралдарына кешенді қызмет көрсететін құрылымдық бөлімшелердің міндеттері тұтынушы басшысының бұйрығымен анықталады.



Бұл ретте кернеуі 1000 В-тан жоғары электр беру желілері бойынша жоғары жиіліктегі телефон байланысы мен телемеханиканың жабдықтарын (байланыс конденсаторлары, жоғары жиілікті бөгегіштердің реакторлары, жерге тұйықтағыш пышақтар, антенналы байланыс құрылғылары, өтпелі оқшаулағыштар, жөнге келтіру элементтері мен жалғастыру сүзгілерінің разрядтағыштары) пайдалануды және жөндеуді кернеуі 1000 В-тан жоғары қондырғыға қызмет көрсетуші персонал жүзеге асырады.

Трансформаторлар тогы мен кернеуінің екінші реттік орама тізбегіне қосылатын телеөлшегіш датчиктеріне (түрлендіргіштерді) техникалық қызмет көрсету мен тексеруді релелік қорғаныс және автоматика құрылғыларын пайдалану және метрологиялық қамтамасыз етумен шұғылданатын тиісті бөлімшелердің персоналы жүргізеді.

64. Басқарудың автоматтандырылған жүйесіне қызмет көрсетуші бөлімшелер мыналарды қамтамасыз етеді:



1) ақпараттық және бағдарламалық қамтамасыз етудің техникалық құралдарын сенімді пайдалану;

2) тиісті бөлімшелердің электронды есептегіш машинасында өңделген ақпараттарды кестеге сәйкес ұсыну;

3) қолданыстағы нормативтерге сәйкес есептегіш техникасын тиімді пайдалану;

4) пайдаланудағы бағдарламаларды жаңалап толықтыру, жаңа міндеттерді енгізуді қоса алғанда, басқару жүйесін жетілдіру және дамыту, бастапқы ақпаратты жинау және дайындаудың озық технологиясын меңгеру;

5) нормативтік-анықтамалық ақпараттың топтастырғыштарын енгізу;

6) басқарудың автоматтандырылған жүйесінің аралас бағыныштылық деңгейлерімен ақпараттық өзара іс-қимылын ұйымдастыру;

7) басқарудың автоматтандырылған жүйесінің қызметі үшін қажетті нұсқаулық және әдістемелік материалдарды әзірлеу;

8) басқарудың автоматтандырылған жүйесінің жұмысын, оның экономикалық тиімділігін талдау, есеп беруді уақытылы ұсыну.

65. Әрбір басқарудың автоматтандырылған жүйе бойынша тұтынушының техникалық басшысы бекіткен тізбе бойынша оған қызмет көрсетуші жұмыскер техникалық және пайдаланушылық құжаттаманы жүргізуі қажет.

66. Қосалқы станциялар мен диспетчерлік пункттерде телебасқарудың шығып тұрған тізбектерінің жұмысын істен шығару үшін арнаулы жалпы кілттер немесе істен ажыратылатын құрылғыларды қолдану қажет. Телебасқару мен жеке жалғастырудың телесигнализациясының тізбектерін істен ажырату тиісті диспетчерлік қызметтің рұқсаты және өтінімі бойынша істен ажыратылатын жеке құрылғылармен немесе айрымды қысқыштармен жүргізу талап етіледі. Телебасқару мен телесигнализация тізбектеріндегі телебасқару және істен ажыратылатын жеке құрылғылардың жалпы кілттері арқылы барлық операцияларды орындауға жедел персонал арасынан аға жұмыскердің нұсқауы немесе рұқсаты бойынша ғана рұқсат етіледі.

67. Басқарудың автоматтандырылған жүйесінің техникалық құралдарындағы жөндеу алдын алу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес орындалады. Оларды жөндеуге шығару, техникалық қызмет көрсету және жөндеу тәртібі электр қондырғыларына жауапты тұлға және тұтынушының бас инженері бекіткен ережемен анықталады.



Диспетчерлік байланыс пен телемеханика жүйесі құралдарының жұмысын істен шығару жедел өтініммен ресімделеді.

68. Тұтынушының басшысы басқарудың автоматтандырылған жүйесін талдауды жүргізуді, пайдаланылуын бақылауды және басқарудың автоматтандырылған жүйесін дамыту мен жетілдіру бойынша іс-шаралардың әзірленуін және оның уақтылы жарақтандыруды қамтамасыз етеді.

 

 

Тұтынушының электр қондырғыларына техникалық қызмет көрсету,


жоспарлы-алдын ала жөндеу, жаңғырту мен жаңарту

 

69. Тұтынушы электр қондырғылары жабдықтарының техникалық қызмет көрсетілуін, кезеңді жоспарлы-ескертпелі жөндеуін, жаңғыртылуы мен жаңартылуының кезеңді жүргізілуін қамтамасыз етеді.



Электр қондырғыларының уақтылы және толық көлемде техникалық қызмет көрсетілуі, жоспарлы-ескертпелі жөнделуі, жаңғыртылуы мен жаңартылуы үшін бірінші басшы, бас инженер мен кәсіпорынның (ұйымның) электр қондырғыларына жауапты тұлға жауап береді.

Электр шаруашылығының электр жабдығын, электр тораптарын және басқа да нысандарын жөндеу мен реттеу, пайдалануын ұйымдастыруға әдістемелік басшылық жасау және техникалық қадағалау кәсіпорынның (ұйымның) электр шаруашылығына жауапты тұлғаға жүктеледі.

70. Әрбір кәсіпорында (ұйымда) энергетикалық жабдықтың техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жүйесін әзірлеу қажет, онда жөндеудің барлық түрлерінің кезеңді нормативтері, көлемдері және ұзақтығы бекітіледі.



Энергетикалық жабдықтың техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жүйесі кезеңді жөндеулердің жоспарлы-алдын алу принциптерінде құрылады және мынаны орындауды қарастырады:

1) пайдалану нұсқаулықтарымен және техникалық қызмет көрсету кестелерімен белгіленген мерзімде электр жабдықтарына техникалық жөндеуаралық қызметін көрсету;

2) жөндеудің жылдық және айлық жоспарлы кестелерінде белгіленген көлем мен мерзімде электр жабдықтарын жоспарлы (ағымдық және күрделі) жөндеу.

Кәсіпорында (ұйымда) энергетикалық жабдыққа техникалық қызмет көрсету және жөндеу жүйесін енгізу үшін басшы, бас инженер және электр қондырғыларына жауапты тұлға жауап береді.

71. Техникалық жөндеу мен кезеңді жоспарлы-алдын алу жөндеулердің көлемі электр қондырғыларының жұмыс қабілетін сақтау, оларды жұмыстың ауыспалы жағдайларына сәйкес жөнге салу және кезеңді қалпына келтіру қажеттілігімен анықталады.

72. Электр қондырғыларының жабдығын жөндеудің барлық түрлеріне электр қондырғыларына жауапты тұлға тұтынушының техникалық басшысы бекітетін жылдық жоспарларды (кестелерді) құрастырады.

Өндіріс көлемінің өзгеруіне әсер ететін электр қондырғыларының жөндеу кестелерін кәсіпорын басшысы бекітеді.

Кәсіпорын электр қондырғыларының де техникалық қайта жарақтандыру мен жаңартудың ұзақ мерзімді жоспарларын да әзірлейді.

73. Жөндеудің барлық түрлерінің кезеңділігі мен ұзақтығы, сондай-ақ электр жабдығының нақты бір түрі үшін жөндеудегі жыл сайынғы жұмыстың тоқтап қалуының ұзақтығы осы Қағидаларға, қолданыстағы салалық нормаларға және осы жабдықты дайындаушы зауыттардың нұсқауларына сәйкес белгіленеді.

74. Техникалық қызмет көрсету мен жөндеу, сондай-ақ тұтынушыда бекітілген құжаттамаларға (регламент, кәсіпорын стандарты, салалық стандарт, басшылыққа алынатын ведомстволық құжат) сәйкес жүзеге асырылатын электр жабдығының жай-күйін техникалық диагностикалау нәтижелері бойынша жүргізіледі.

75. Барлық электр жабдығы қызметінің белгіленген нормативтік-техникалық құжаттамалары мерзімінің аяқталуы бойынша осы жабдықтың пайдаланылу жағдайы мен жұмысының одан әрі мерзімдерін белгілеп, жай-күйін бағалау мақсатында құрамына Мемлекеттік энергетикалық қадағалау өкілінің немесе соңғысының тапсырмасы бойынша сараптау ұйымы өкілінің тартылуымен тұтынушының техникалық басшысы басқаратын комиссияға техникалық куәландыруға жатады.



Комиссия жұмысының нәтижелері актімен ресімделеді және электр жабдықтарының техникалық паспорттарында келесі куәландыру мерзімін міндетті түрде көрсетіліп белгіленеді.

Техникалық куәландыру сондай-ақ мамандырылған ұйымдарды тарту арқылы жүргізіледі.

76. Тұтынушымен орнатылған электр шаруашылығының жабдығын қосалқы бөлшектермен және материалдармен қамтамасыз ету қажет.



Қосалқы бөлшектер мен материалдардың номенклатурасы және олардың төмендетілмейтін қорын электр қондырғыларына жауапты тұлға әзірлейді және тұтынушының бірінші басшысы бекітеді.

Қосалқы бөлшектерді, қосалқы электр жабдығын және материалдарды сақтау кезінде оларды бүлінуден қорғалуын және тікелей мақсаты бойынша пайдаланылуын қамтамасыз етуді талап етеді.

Сыртқы атмосфералық жағдайлардың әсер етуінен бұзылған жабдық, қосалқы бөлшектер және материалдар жабық қоймаларда сақталуы қажет.

77. Техникалық қызмет көрсетуді жабдықтың жұмыс барысында жүргізу талап етіледі. Жергілікті нұсқаулықтарға сәйкес - техникалық жабдықтың операцияларын жүргізу үшін жабдықтың (тораптарды істен ажырату) қысқа уақытқа тоқталуына рұқсат етіледі.

78. Техникалық қызмет көрсету берілген кезеңділіктің жоспарлы тәртібінде немесе ауысым сайын (күн сайын) жүзеге асырылады.

79. Электр жабдығы мен электр қондырғыларына ауысым сайын техникалық қызмет көрсетілуі ауысым ішінде немесе негізгі технологиялық жабдықтың тоқтатылуы кезеңінде жүзеге асырылады және ол дайындаушы зауыттардың нұсқаулықтарына немесе осы Қағидаларға сәйкес жүргізіледі. Зауыт нұсқаулықтары болмаған кезде соңғылары тікелей кәсіпорындарда (ұйымдарда) әзірленіп бекітіледі.

80. Ауысым сайынғы техникалық қызмет көрсету көлеміне электр жабдығының жұмысын қадағалау, пайдаланудың күтіп ұсталуы, жабдықты жарамды жай-күйінде ұстау кіреді, ол мыналарды қамтиды:

1) дайындаушы зауыттың нұсқаулықтарына сәйкес жабдықты пайдалану және жұмыс режимі шарттарын сақтау;

2) жабдыққа, оның паспорттық деректеріне сәйкес күш түсіру, жабдықты, пайдалану бойынша нұсқаулықтарда ескертілгеннен басқа асқын жүктеме жағдайына болдырмау;

3) пайдаланылатын жабдықты ауысым сайын майлау, оның сыртын тазарту, сондай-ақ электр жабдығы тұрған орынжайды жинастырып тазалау;

4) дайындаушы зауыттың пайдалану жөніндегі нұсқаулықтарымен белгіленген электр жабдығының жұмысқа енгізілуі және тоқтатылуын, электр тораптарын іске қосу мен істен ажырату тәртібін қатаң сақтау;

5) жабдықты істен шығуына алып келетін оның жұмысында қалыпсыздық жағдайлар пайда болғанда дереу тоқтату, осы қалыпсыздықты айқындау және жою жөніндегі шараларды қабылдау;

6) тораптар мен бөлшектердің тозу деңгейін қарап шығу және айқындау, олардың, әсіресе, сыртқы бекітпе бөлшектерін уақытылы ауыстыру;

7) түйіспелі және үйкелген беттерінің ысып кетуін, май және салқындатқыш жүйелердің жай-күйін тексеру.

81. Электр жабдығы мен электр қондырғыларына кезеңдік жоспарлы-техникалық қызмет көрсету осы Қағидалар және электр жабдығын дайындаушы зауыттардың нұсқаулықтары негізінде кәсіпорынның (ұйымның) электр шаруашылығында әзірленіп, кестелер бойынша жүргізіледі.



Жоспарлы-техникалық қызмет көрсету мына мақсатта инженерлік техникалық персонал жүргізетін электр жабдығын кезеңді техникалық қарап шығуы болып табылады:

1) электр жабдығына техникалық қызмет көрсету бойынша операцияларды жедел және жедел-жөндеуші персоналдың орындауының толықтығын және сапасын тексеру;

2) жабдықтың сынып қалуы немесе істен апатты шығуына алып келетін ақауларын айқындау;

3) машиналардың неғұрлым маңызды бөлшектері мен тораптарының техникалық жай-күйін белгілеу және алдағы жөндеудің көлемі мен түрін нақтылау.

82. Кәсіпорын электр шаруашылығының тораптарына ауысым сайын және жоспарлы кезеңдік техникалық қызмет көрсету жұмыстарын цехтар (құрылымдық бөлімшелері) электр қызметтерінің жедел және жедел жөндеуші персонал орындайды.



Жоспарлы-техникалық қызмет көрсетудің (кезеңдік техникалық қарап шығу, тексеріс, техникалық сынау, реттеу) неғұрлым күрделі операцияларды орындау үшін орталықтандырылған зауыттың, зертханалардың немесе мердігерлік ұйымдардың персоналы тартылады.

83. Техникалық қызмет көрсету кезінде жабдықтың жұмысында табылған барлық ақауларды жедел және жедел-жөндеуші персоналдың күшімен мейлінше қысқа мерзімде жою талап етіледі.



Жабдықты одан әрі пайдалану кезінде оның жұмыс қабілетін немесе еңбек қауіпсіздігі жағдайларын бұзатын тораптар мен бөлшектердің ақауларын дереу жою қажет.

84. Электр жабдығын, торапты күрделі жөндеуге шығару кәсіпорын (ұйым) бойынша бұйрық негізінде жүзеге асырылады, ал жөндеудің орындалуына мердігер ұйым тартылған жағдайда тапсырыс беруші кәсіпорын мен мердігер ұйым бірлескен бұйрық шығарады.



Бұйрықта жөндеудің нақты мерзімдері, объектерді жөндеуге дайындауды, жұмыс қауіпсіздігін қамтамасыз ететін іс-шараларды орындауға жауапты тұлғалар көрсетіледі.

Бұйрық жөндеу басталғанға дейін бір ай бұрын шығарылады.

85. Электр жабдығын күрделі жөндеуге шығаруға дейін:



1) жабдықты ашу және қарап шығу арқылы анықталатын жұмыс көлемінің тізімдемесі және шығындардың сметасы құрастырылады;

2) жөндеу жұмыстарының уақыт кестесі құрастырылады;

3) жұмыс көлемінің тізімдемесіне сәйкес қажетті материалдар мен қосалқы бөлшектері дайындады;

4) күрделі жөндеу кезеңінде орындауға белгіленген жаңғырту жұмыстарына техникалық құжаттама құрастырылып бекітіледі, оларды орындау үшін жабдық пен материалдар дайындалады;

5) құрал-сайман, құрылғы, такелаждық жабдық және көтергіш көліктік механизмдері жарамды күйге келтіріп толықтырады;

6) жөндеу жұмыстарына арналған орындар дайындалады, бөліктер мен бөлшектерді орналастыру орындары көрсетіліп, алаңды тегістеу жүргізіледі;

7) жөндеу бригадаларын толықтырылып, нұсқаулықтар беріледі.

86. Электр жабдығын және тораптарды күрделі жөндеуге тапсыру жабдықты жөндеуге шығаруға жауапты тұлға мен жөндеу басшысының (кәсіпорынның жөндеу бөлімшесінің немесе жөндеуге тартылған мердігер ұйымның басшысы) қолы қойылатын акті ресімделеді.



Жөндеуге тапсыру актісіне екі жақты қол қойылмаса, күрделі жөндеуді жүргізуге рұқсат берілмейді.

Жабдықты жөндеуге тапсыру актісіне қол қойылғаннан кейін жұмыс қауіпсіздігі мен өрт қауіпсіздігіне жауапты адам жөндеу жұмыстарының басшысы болып табылады.

87. Электр жабдығын күрделі жөндеу бойынша құжаттаманы кәсіпорынның (ұйымның) электр қондырғыларына жауапты тұлға бекітеді, ал жөндеуді орталықтандырып орындау кезінде құжаттама жөндеу кәсіпорны жұмыстарының жауапты басшысымен келісіледі.

88. Тұтынушы электр шаруашылығының күрделі жөндеуден өткен негізгі жабдығы, егер дайындаушы зауыттың басқа нұсқаулықтары болмаған жағдайда жүктемеде (сыннан өткізу) кем дегенде 24 сағат ішінде сынауға жатады. Жабдықтың қалыпты жұмысына кедергі келтіретін ақаулардың табылуы кезінде, осы ақауларды толық жойғанға дейін жөндеу жұмысы толық аяқталған жоқ деп саналады және қайталап сынақтан өткізу 24 сағат бойы жүктемеде болады.

89. Күрделі жөндеуден кейін электр жабдығы мен тораптарды пайдалануға енгізу сыннан өткізудің (сынаудың) оңды нәтижелерін алған кезде ғана қол қойылып, пайдалануға қабылданатын актімен ресімделеді.

90. Қабылдау актісіне жөндеу бойынша барлық есепті техникалық құжаттамасы қоса беріледі. Барлық қосымшасы бар актілер жабдық паспорттарында сақталады. Қосалқы электр жабдығын жөндеу кезінде жүргізілген жұмыстар туралы жабдықтың паспортында немесе арнаулы жөндеу журналында мұқият жазылады.

Қабылдау актісіне екі жақты қол қойылмаған жабдықты пайдалануға тыйым салынады.

91. Электр жабдығын жаңғырту жаңа технологиялық үрдістердің техникалық талаптарына немесе пайдаланудың қазіргі талаптарына пайдалану сипаттамалары мен параметрлері сәйкес келмейтін ескірген электр жабдығы үшін жүргізіледі.

92. Тұтынушы электр қондырғыларын жаңғырту, техникалық жарақтандыру және жаңартудың ұзақ мерзімді жоспарларын әзірлеуі қажет.

93. Электр жабдығын жаңғырту кезінде мынадай міндеттерді шешу талап етіледі:



1) технологиялық процестердің қарқындылығы мен технологиялық жабдықтың өндірістік қуатын арттыру;

2) электр шаруашылығы нысандары мен технологиялық процестерді кешенді автоматтандыру;

3) электр жабдығын пайдалануды арзандату және жеңілдету;

4) пайдалану сенімділігін арттыру, жөндеуді арзандату;

5) еңбек жағдайын жақсарту және жұмыс қауіпсіздігін арттыру.

94. Жаңғырту нысандарын таңдауды, электр жабдығын жаңғырту бойынша жұмыс көлемі мен техникалық бағытын белгілеу, жаңғыртуды ұйымдастыру және іс жүзіне асыруды кәсіпорынның (ұйымның) бас энергетигінің қызметі жүргізеді.



Электр жабдығын жаңғырту жөніндегі құжаттаманы кәсіпорынның (ұйымның) электр қондырғыларына жауапты адам бекітеді.

95. Кәсіпорынның (ұйымның) электр шаруашылығы нысандарын жаңарту электр жабдығы мен аппараттарға конструкциялық өзгерістер енгізу, сондай-ақ кәсіпорын немесе оның құрылымдық бөлімшесін электрмен жабдықтаудың электрлік схемаларын өзгерту мақсатында жүргізіледі.

96. Электр қондырғыларын жаңарту туралы шешім кәсіпорынның (ұйымның) техникалық кеңесінде қабылданады.

97. Электр қондырғыларын пайдалануға қабылдау және енгізу жаңарту бойынша жұмыстар аяқталғаннан кейін осы Қағидалардың 84-88-тармақтарына сәйкес орындалады.

 

 

Техникалық құжаттама



 

98. Әрбір тұтынушыда мынадай техникалық құжаттама болуы тиіс:

1) кәсіпорын объектілерінің ғимараттары мен құрылыстары және жерасты электр-техникалық коммуникацияларының сызылып түсірілген бас жоспары;

2) құрылыс салу, құрастырып жинау және реттеу барысында енгізілген өзгерістермен кейіннен пайдалануға бекітілген жобалық құжаттама (сызбалар, жазбаша түсіндірмелер, т.б.);

3) электр жабдығының көзге көрінбейтін жұмыстары, сынақ жасау және реттеудің қабылдануы, электр қондырғыларын пайдалануға қабылдау актілері;

4) бірінші және екінші реттік электрлік жалғамалардың атқаратын жұмыстық схемалары;

5) мүліктік (баланстық) құрал-саймандар мен тұтынушы және энергетикамен жабдықтаушы ұйымдардың арасындағы пайдаланушылық жауапкершілігі бойынша тораптарды шектеу кесімдері;

6) негізгі электр жабдығы, ғимараттар және энергетикалық нысандар құрылыстарының техникалық паспорттары, міндетті сертификаттауға жататын жабдық пен материалдардың сертификаттары;

7) электр қондырғыларын пайдалану жөніндегі өндірістік нұсқаулықтар;

8) әрбір жұмыс орны бойынша лауазымдық нұсқаулықтар, жұмыс орындарында еңбекті қорғау бойынша, тасымалды электр қабылдағыштарын, қолдану бойынша нұсқаулықтар, өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтар, апатты болдырмау және жою бойынша нұсқаулықтар, ток бағытын жарлықсыз ауыстыруды орындау жөніндегі нұсқаулықтар, электр энергиясын және оны ұтымды пайдалануды есепке алу жөніндегі нұсқаулықтар, электр жабдығы мен электр қондырғыларына қызмет етуші жұмыскерлерге арналған еңбекті қорғау бойынша нұсқаулықтар. Барлық нұсқаулықтар атқарылатын жұмыстардың түрлерін (электр қондырғыларының ток бағытын жедел ауыстыру жұмыстары, жоғары шығу жұмыстары, жоғарыда жұмыс істеу, монтаждық, реттелетін, жөндеу жұмыстары, сынау және өлшеу бойынша) және тұтынушы басшысымен бекітіледі.

Жоғарыда көрсетілген құжаттама тізбесі тұтынушыларда сақталады және меншік иесі өзгерген кезде жаңа иеленушіге тапсырылады. Құжаттамалардың сақталу тәртібін тұтынушының басшысы белгілейді.

99. Әрбір тұтынушыда құрылымдық бөлімшелер үшін техникалық басшы бекіткен техникалық құжаттаманың тізбесі жасалуы қажет. Нұсқаулықтың толық жиынтығы цех учаскесінің электр қондырғыларына жауапты адамда және қажетті жинақтамасы жұмыс орнындағы тиісті персоналда сақталады.



Техникалық құжаттаманың тізбесі 3 жылда бір рет қайтадан қаралады.

Техникалық құжаттаманың тізбесіне мынадай құжаттар кіреді:

1) электр жабдығын және олардың техникалық деректерін, сонымен бірге, соларға берілген тізімдік түгендеу нөмірлерін көрсету арқылы электр жабдығын есепке алу журналдары (журналдарға дайындаушы зауыттардың техникалық паспорттары және пайдаланылуы жөніндегі нұсқаулықтар; жабдық пен бұйымның және материалдардың сапасын куәландыратын сертификаттар; жабдық пен электр тогын беретін желілерді жөндеу, релелік қорғау, автоматика құрылғыларына техникалық қызмет көрсету хаттамалары мен кесімдері қоса беріледі);

2) электр жабдығының, электр қондырғылары және құрылыстардың сызба жинақтары, қосалқы бөлшектердің сызбалары, әуе және кәбілдік трассалардың атқару сызбалары және кәбілдік журналдар;

3) жалғанатын муфталар қойылатын және басқа да коммуникациялармен қиысатын орындары көрсетілген, ғимараттар мен тұрақты құрылыстарға бекітілетін жер асты кәбілдік трассалары, сондай-ақ жермен қосқыш құрылғылардың сызбалары;

4) тұтынушыларда тұтастай және жекелеген цехтар мен учаскелер (бөлімшелер) бойынша құрастырылатын электрмен жабдықтаудың жалпы схемалары;

5) құрылымдық бөлімшелер арасында баланстық құрал-саймандар мен пайдалану жауапкершілігі бойынша тораптарды шектеу жөніндегі актілер немесе тұтынушы басшысының жазбаша нұсқауы (қажет болуы кезінде);

6) цех пен учаскенің (бөлімшенің) электр қондырғыларын пайдалану жөніндегі өндірістік нұсқаулықтар жиынтығы және қажетті лауазымдық нұсқаулықтар мен аталған бөлімшенің (қызметтің) жұмыскерлері үшін еңбекті қорғау жөніндегі нұсқаулықтардың жиынтықтары;

7) мынадай:

жедел ауыстыруды орындауға, шұғыл келіссөздерді жүргізуге, электр қондырғылары мен технологиялық жабдықтың электр-техникалық бөлігін жеке өзі қарап шығуға құқығы бар;

өкім, наряд жазып беруге құқығы бар;

жұмысқа жіберуге, жұмыс өндірушінің, бақылаушының жауапты жұмыс басшысының құқығы бар;

жерасты құрылыстарының газдалуын тексеруге жіберілген;

электр қондырғыларында арнайы жұмыс өндіруге білімдерін тексеруге құқығы бар жұмыскерлердің тізімі;

8) электр қондырғыларында жер асты құрылыстарының, арнайы жұмыстардың қауіпті газдар тізбесі;

9) өшірілгеннен кейін келтірілген кернеуде болатын электр беретін әуе желісі;

10) ағымдағы пайдалану тәртібінде рұқсат етілетін жұмыстардың тізбесі;

11) жұмыс өндірісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар талап ететін электр қондырғыларының тізбесі;

12) электр қауіпсіздігі бойынша тиісті топтың болуы талап етілетін инженер-техник қызметкерлер мен электротехникалық қызметшінің лауазымдық тізбесі;

13) электр қауіпсіздігі бойынша тиісті персоналды 1-ші топқа жатқызуды талап ететін мамандық пен жұмыс орындарының тізбесі;

14) электр технологиялық және электр техникалық персонал міндеттерінің бөлінуі;

15) жедел басқарудағы электр қондырғылары;

16) қайта қосу бланкілері бойынша орындалатын күрделі қайта қосу тізбесі;

17) индикаторлардың разрядына ауыстырылған өлшеуіш құралдары;

18) нысандар арасында бөлінетін мүліктік қорғауыш құралдар.

100. Электр қондырғыларын пайдалану процесінде атқарылатын барлық өзгерістер электр шаруашылығына жауапты тұлғаның лауазымы мен өзгерту енгізудің күні көрсетіліп, қолы қойылған схемалар мен сызбаларда уақытылы көрініс табуы қажет.



Схемалардағы өзгерістер туралы ақпарат наряд пен өкім бойынша жұмыстарды есепке алатын журналға жазылып, осы схемаларды білуге міндетті жұмыскерлердің назарына жеткізіледі.

101. Схемалардағы белгілер мен нөмірлер іс жүзінде орындалған белгілер мен нөмірлерге сәйкес келеді.

102. Нақтылы пайдаланылатын электрлік (технологиялық) схемалардың (сызбалардың) оларды 2 жылда бір рет тексеру туралы белгілеуге сәйкестігі тексеріледі.

103. Электрмен жабдықтау схемалар жиынтығы электр қондырғыларына жауапты тұлғаның жұмыс орнында болады.



Аталған цех пен учаскенің (бөлімшенің) және солармен байланысты басқа да электрлік бөлімшелер электр қондырғыларының жедел схемалары бөлімшенің жедел жұмыс атқарушы персоналының жұмыс орнында сақталуы қажет.

Негізгі схемалар аталған электр қондырғысы тұрған орынжайда көрінетін жерге ілуді талап етеді.

104. Барлық жұмыс орындарын қажетті нұсқаулықтармен жабдықтау қажет: өндірістік (пайдаланатын), еңбекті қорғау жөніндегі, лауазымдық және өрт қауіпсіздігі шаралары туралы.

105. Нұсқаулықтарда электр жабдығын пайдалану шарттары өзгерген жағдайда тиісті толықтырулар енгізіліп, осы нұсқаулықтарды білуге міндетті қызметкерлердің қолдары қойылып, назарына жеткізіледі.

Нұсқаулықтар 3 жылда 1 рет қайтадан қаралады.

106. Жедел персоналдың жұмыс орындарында (қосалқы станцияларда, таратушы құрылғыларда немесе электр қондырғысына қызмет көрсетуші персонал үшін бөлінген үй-жайларда) келесі құжаттама жүргізіледі:



1) жедел схема, ал қажет болған кезде схема-макетте (электрмен жабдықтаудың қарапайым және көрнекі схемасы бар тұтынушылар үшін коммутациялық аппараттардың нақты жағдайы белгіленбейтін алғашқы электр қосқыштардың бір сызықты схемасы болса да жеткілікті);

2) жедел жазба журналы;

3) нарядтар және өкімдер бойынша жұмыстарды есепке алу журналы;

4) электр қондырғылары кілттерін беру және қайтарып алу журналы;

5) релелі қорғаушы, автоматика және телемеханика журналы;

6) электр жабдықтарындағы ақаулар мен олқылықтар журналы немесе картотекасы;

7) бақылап-өлшеу құрылғылары мен электр есептегіштер көрсеткішінің тізімдемесі;

8) электр жабдығын есепке алу журналы;

9) кәбілдік журнал;

Жұмыс орындарын сондай-ақ мынадай құжаттамамен қамтамасыз ету қажет:

10) мыналардың:

жедел ауыстыруды орындауға, жедел келіссөздер жүргізуге, электр қондырғылары мен технологиялық жабдықтың электртехникалық бөлігін жеке өзі қарап шығуға құқығы бар;

өкімдерді, нарядтарды беруге құқығы бар;

жұмысқа жіберуге, жұмыс басшылығына, жұмыс өндіруге, бақылауға жауапты адам;

жер асты құрылыстарының газдалуын тексеруге жіберілгендер;

электр қондырғыларында арнайы жұмыстарды өндіруге білімін тексерілетіндер;

энергиямен жабдықтау ұйымдары мен қосалқы абоненттер ұйымдарының жедел келіссөздер жүргізуге құқығы бар жауапты жұмыскерлердің тізімдері;

11) бекітілген учаскедегі жедел басқарудағы, электр тогын беретін желілер және релелі қорғаушы автоматика құрылғылар жабдығының тізбесі;

12) электр қондырғыларда ауыстыру бойынша өндірістік нұсқаулық;

13) электр қондырғылардағы жұмыс үшін рұқсатнама - наряд бланкілер;

14) ағымды пайдалану тәртібінде орындалатын жұмыстардың тізбесі.

Жергілікті жағдайларға байланысты (жедел басқарудың ұйымдастырушылық құрылымдары мен нысаны, жедел персоналдың және оның жедел басқаруында болатын электр қондырғылары құрамының) жедел құжаттаманың құрамына мынадай құжаттама енгізіледі:

1) жұмыс орнында нұсқаулықты тіркеу журналы;

2) жабдық жұмысының қалыпты режимі кезінде электр қондырғы қосқыштарының бір сызықты схемасы;

3) жедел өкімдер беруге құқылы жұмыскерлер тізімі;

4) апатқа қарсы және өртке қарсы жаттығуларды есепке алу бойынша журнал;

5) реле қорғанысы, автоматика мен телемеханика журналы және реле қорғанысы мен автоматиканы орнату картасы;

6) апатты жою және болдырмау бойынша жергілікті нұсқаулық;

7) күрделі жедел ауыстырудың тізбесі;

8) ауыстыру бланкілері.

Жедел құжаттаманың көлемі тұтынушы басшысының немесе электр қондырғыларына жауапты адамның шешімі бойынша толықтырылады.

107. Жедел құжаттаманы жоғары тұрған жедел немесе әкімшілік-техникалық персонал мерзімді (ұйымдағы белгіленген мерзімде, бірақ айына бір реттен кем емес) қарап тексереді және табылған кемшіліктерді жою үшін тиісті шаралар қабылдайды.

108. Жедел құжаттама, бақылап-өлшеу құралдарын тіркейтін диаграммалар, электр есептегіш көрсеткіштерінің тізімдемесі, басқарудың автоматтандырылған жүйелерінің жедел ақпаратты кешенімен қалыптастырылатын құжаттар белгіленген тәртіппен сақталуға жатады.

 

 



Жалпы мақсаттағы электр жабдығы мен электр қондырғылары

 


с. 1 с. 2 с. 3 с. 4

скачать файл