Тарих ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы


с. 1 ... с. 3 с. 4 с. 5 с. 6 с. 7 ... с. 9 с. 10

4. Сабыр Сарығожин туған жылы белгісіз, туған жері –Қаратөбе, Соналы болысы Қалдығайты өзенінің төменгі ағысы, Байғұтты Шолақ Қамыс бойы. Ресей империясының мирасты, құрметті азаматы, Мұхаммеджан (Ақшолақ) Сарығожинның ағайындас інісі. Генерал-майор шені бар әскери қайраткер. Ол он екі ата Байұлына жататын алаша руының Кенжеғара бөлімінен шыққан. Әкесі – Тапай (Көшербай Ақшолақтың інісі). Тапайдың зираты Шоңқайлы көл қауымында, Ақшолақтың зираты қасында. Орал қаласындағы әскери-реалды училищесін үздік бітіріп, Мәскеу жоғары әскери мектебіне жолдама алған. Осы арада айта кететін жайт, Сабыр Сарығожинның аталған оқу орындарына қай жылдары түскені, қашан бітіргені белгісіз. Сабыр Сарығожин Мәскеудің жоғары әскери мектебін үздік бітіреді. Бірақ бұл оған пайда бермейді. Оның білімдарлығы мен тапқырлық талантына қызыққан патша шенеуніктері Сабырды елге қайтармай, өздері үшін қызмет істетудің қамын жасап, Мәскеуге алып қалады. Сонымен ол көп жылдар Мәскеуде, Ресей патша әскерінде қызмет етеді. Сабыр Сарығожинның елге қашан оралғаны да анық емес. 1918 жылы Жымпитыдағы «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің әскери жасағын Сабыр Сарығожин, Нәдірше Сұлтангерейұлы Есімханов басқарды, бас интендант міндетін Беркінғали Атшыбаев атқарды. Уәлаят әскері офицерлері арасында Бақытжан Қаратаевтың баласы хорунжий Мұрат Қаратаев, Мұхит Мерәліұлының немересі, прапорщик Ғабдолла Мұхитов және т.б. болған.

1918 жылы шілдеде Жымпитыда прапорщиктер, Ойылда юнкерлер мектебі ашылды. Әскер қатарына алу барысында еріктілік принципі сақталды, яғни әрбір елу үй ат-көлігімен, ер-тұрманымен бір жігіт беру керек болды. Олай болмаған жағдайда болашақ сарбаз жеребе тастау жолымен таңдалды. Әскери бөлімшелер ондық, елулік, жүздікке бөлініп, бес-алты жүздіктен бір полк құралды.

Әскери киім үлгісі: шолақ татар шекпен, биік саптама етік, дөңгелек жиекті шошақ бөрік, иықта жүздіктің нөмірі көрсетілген погон. Әскери жорыққа ақ ту ұстап шыққан. Осылайша Алашорда әскерінің құрамасы жасақталған. Уәлаяттың әскер жасағын жасақтауда Сабыр Сарығожин ерекше еңбек еткен. Осы жұмысты Сабыр Сарығожин бір жыл атқарады. Сол кезде Алаш әскерінің кәсіби деңгейін көтеру үшін барын салып жұмыс істеген. 1918-1919 жылдары Жымпитыдағы Алашорда үкіметінің әскери комиссары, юнкерлер мектебінің қолбасшысы болған. Алашорда таратылып, қызыл үкімет орнай бастаған кезде бұрын ақ патша әскерінің құрамында жұмыс істеген, кейін Алашорданың әскери комиссары болған адамды қызыл үкіметтің аяусыз жазалайтынын сезсе керек. Ол 1919 жылдың күзінде Қара теңіз арқылы Англияға өтіп кеткен. Әйелі орыс, екі қызы, бір ұлы болған. Орыс әйелі Сабыр өлгенге дейін Жымпитыдағы Сарығожиндармен хабарласып тұрған. 1925 жылы қайтыс болғаны туралы әйелі елдегі Кенжеғара ағайындарына хабар жеткізген. Ал інісі Сарығожин Әміре Көженбайұлы туралы журналист Амантай Боранұловтың «Жазықсыз жазаланған боздақтар» деген кітабында (Орал, 1998ж.) деректер келтіреді. Онда: «Сарығожин Әміре Көженбайұлы 1901 жылы Қаратөбе ауданы Сулыкөл ауыл кеңесінде туған, партияда жоқ, Жымпиты аудандық комитетінің экономисі, қызметкер. 1 желтоқсан 1937 жылы Үштіктің қаулысымен 58-10-11 баптарымен 10 жылға бас бостандығынан айырылған.

«28 қаңтар 1970 жылы Орал облыстық сотының қаулысымен ақталған», – деп жазылған [159].

Сабыр Сарығожинның кейінгі тағдырын білгісі келіп, қаратөбелік ағайыны Тілек Сағынов көп ізденді. Қазақстан Республикасы Қызыл Ай қоғамына жіберген сұрау хатына: «Сіздің Сабыр Сарығожинның тағдыры туралы сұрау салуыңызға тек ата-анасының, балаларының, әйелінің ғана заң жүзінде құқы бар. Біз сізге көмек көрсете алмағанымызға өкініштіміз. Іздестіру қызметінің қызметкері Л.Г.Шамшура. 24.03. 2004» деген жауап алынған. Одан кейін Тілек Сағынов Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне де хат жолдап, жоғарыдағы мазмұндағыдай жауап алады [160].

5. Қалдыбай Асанов 1892 жылы Жымпиты уезі 4-інші ауылда дүниеге келген. Батыс Алашорда қайраткері, қазақтың алғашқы жоғары білімді экономисі. Тегі – қожа. Кедей шаруа отбасында туып-өскен. Әкесі ерте қайтыс болып, ағаларының қолында тәрбиеленген. Жымпиты ауылындағы бір кластық орыс-қазақ мектебінде, екі кластық орыс-қазақ училищесінде оқыған.

Саратов университетінің экономика факультетіне 1909 жылы түсіп, 1914 жылы бітіріп шығады.

1916 жылы тыл жұмысына алынады. 1917 жылы жазда елге оралысымен, Жымпиты уездік атқару комитетінде, кейін уездік земство басқармасында жұмыс істеп, білімдарлығымен көзге түседі.

1918 жылы мамырда өткен 4-інші Орал облыстық қазақ съезінің төралқасына Кәрім Жәленовпен бірге хатшы болып сайланады. Осы съезде құрылған Жайық сырты қазақтары облысының – «Ойыл уәлаятының» Уақытша үкіметі құрамына сайланады. Айтылмыш съезд қаулысына орай, 2-інші жалпықазақ съезінің шешімі негізінде «Ойыл уәлаяты» жігіттерінен халық әскерін құруға белсене қатысушы. «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметінің және әскери бөлім бастығы Жаһанша Досмұхамедовтің шешімімен Халық әскерін құру кезінде ауыл-болыстардың халық милициясы жігіттерінің атпен, ат әбзелімен, ер-тоқыммен жабдықталуына жауап берді. Уездік атқару комитетіндегі, земство басқармасындағы қызмет тәжірибесін пайдалана отырып, айтылмыш мекемелер қарамағындағы қоғамдық азық-түлік қорын, босалқы астық мөлшерін және астық сақтайтын дүкендерді әскер қажетіне жарату, сондай-ақ уәлаят шегіндегі Сабыр Сарығожин, Шолақов, Көпжасаров, Төбетов, Есенаманов, Ығылманов, Омаров, Ермұхамед Қоқанов, Құмай Байтөлеков, Нұрым Қабашев, Сатыбалды Асанов, Мұқаш Атшыбаев тәрізді малмен әрі сауда капиталымен айналысқан дәулет иелерімен арада байланыс орнату міндеттерін шешті, олардан негізінен астық және жылқы сатып алуды жолға қойды.

Ақпан революциясынан соң құрылып, кейінірек тоқтап қалған аудан кооперативтері жұмысын жандандыруға атсалысты. Жымпитыға Орынбордан, Самарадан ығысып келген ақ офицерлерден қойылған интенданттардың тікбақай іс-әрекеттерімен, азық-түлік, құрал-жабдықпен жабдықтау ісіне салғырт қарауы салдарынан 1918 жылы желтоқсанда халық әскерінің Жымпиты гарнизонында орын алған бас көтерулерден соң Батыс Алашорда әскерінің интенданты болып тағайындалады. Әскери шені – прапорщик. Батыс Алашорда үкіметі тізе бүккенге шейін, халық әскерін Сібір Уақытша үкіметі тарапынан және 1919 жылы жаздан бастап Деникиннің ерікті армиясы есебінен жабдықтау ісіне қатысты. 1920 жылы қаңтарда Қызылқоғадағы Батыс Алашорда үкіметі мүшелерімен бірге тұтқындалды. Қазақ әскери революциялық комитеті мүшесі С.Меңдешов пен әскери инспектор Г.Ивановқа Батыс Алашорда қызметі жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет тапсырды.

1920 жылы ауылды кеңестендіру жұмысына араласып, Жымпиты уездік атқару комитетінің мүшесі, лекторы болды. Сол жылы Жымпиты уревкомы төрағасы М.Х.Мырзағалиевтың кепілдік етуімен Коммунистік партия қатарына өтті. 1920 жылы Батыс Алашорда қызметіне байланысты істі болып, Салық Омаровпен бірге Орал концентрациялық лагеріне қамалып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Жаза мерзімін өтегеннен кейін, 1921 жылы партия қатарынан шығарылды.

1930 жылдары губерниялық қаржы саласында қызмет атқарады, губерниялық қаржы бөлімінде бас экономист болды. Орал педагогикалық техникумында орыс тілінен сабақ береді. Осында жүргенде «Алашордашы» деген айыппен қызметтен шығарылды. «Орал қаласындағы Кожевенная көшесіндегі үйінде қонақтарының алдында КСРО-ның жаңа Конституциясын ұлтшылдық ыңғайда бұрмалады, кеңестік демократизм, жеке бас бостандығы принциптерін сынға алды және кейінірек жер органдары одағы клубында партия ұйымдарын, Сталинді тілдеді» деген айып тағылып, 1937 жылы ІІХК округтік басқармасы тарапынан тұтқындалды. Тергеу барысында Оралда С.Тұрымтаев, Ғ.Манкеев, Х.Ищанов, Б.Жанқадамов секілді бұрынғы Батыс Алашорда қайраткерлерімен араласып тұрғаны да қосымша айып болып тағылды.

1937 жылы маусым айында Батыс Қазақстан облыстық сотының арнаулы коллегиясы 3 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

1937 жылы тамызда Қазақ КСР Жоғарғы соты үкімін қайта қарап, күшін жойды.

1937 жылы қазанда облыстық соты 5 жылға азаматтық құқын жоя отырып, оны 6 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде қайтадан үкім шығарады.

Қазақ КСР Жоғарғы сотының арнаулы коллегиясы үкімді күшінде қалдырғанымен, ІІХК басқармасы үштігінің қаулысымен 1937 жылы 15 қарашада атылды.

Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы соты Президиумының 1957 жылғы 15 шілдедегі қаулысымен ақталды [161].

Бауыры Дуанабек Асанов Батыс Қазақстан облысындағы бұрынғы Камен ауданы «Каменка» кеңшарында жұмыс істеген. Зайыбы – Жібек Асанова, соңында 7 жасар Альфия, 5 айлық Гүлнар есімді екі қызы қалды. Альфия Асанова Құрманғазиева Орал қаласы маңындағы Желаево стансасында тұрады.

6. Ғабдол-Ғалым, Қуанай хазіреттің баласы, «Батыс Алашорда үкіметінің имамы болған». Ол Бағдат қаласындағы Жоғарғы діни оқу орнын үздік бітіріп, Стамбұл қаласындағы Айя София мешіт-медресесінде имам болған, Күнбатыс Алашорда басшыларына рухани қолдау көрсетіп, ақыл-кеңесін беріп отырған.

Оның әкесі Қуанай хазірет Қосдәулетов 1863 жылы Жымпиты уезі Қособа ауылында дүниеге келген.

1917 жылғы 19-22 сәуір аралығында өткен Орал қазақтарының І съезіне арнайы шақырылып, қазақ халқының бостандығы мен тәуелсіздігі жолында құрбан болғандарды еске түсіріп, мұсылмандық рәсім жасауда Жаһанша Досмұхамедовтің шақыруымен келіп қатынасқан. «Ойыл уәлаяты» Уақытша үкіметіне және Батыс Алашорда үкіметіне де айрықша көмек көрсетіп отырған.

1928 жылы Алаш қозғалысына белсенді қатысушы ретінде мал-мүлкі тартып алынып, Орал округі бойынша тәркіге түскен 113 адам қатарында үй ішімен Жетісу округіне жер аударылды. Мұнда Батыс Алашорданың тағы бір көрнекті қайраткері Салық Омаров екеуі малшаруашылығын дамытты, ел ішінде беделге ие болды [162].

Қуанай Қосдәулетов 1937 жылы РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 2, 6,7, 11-тармақтарымен айыпталып, «үштіктің» қаулысымен атылған. 1958 жылы ақталды. Оның баласы Ғабдол-Ғалым Қуанайұлы әкесі Қуанай хазіретпен бірге Алаш қозғалысына белсене қатынасқаны үшін 1938 жылы саяси қуғынға ұшырап, атылған. Оларға тағылған айып – ислам ұйымының мүшесі болғандығы және Алаш ұлтшылдарын қолдағандығы. Қуанай хазіреттің баласы – Ғабдол-Ғалым Қуанайұлы туралы әлі толық мәліметтер жоқ. Дегенмен Ғабдол-Ғалым Қуанайұлының атылғаны жөніндегі деректер Батыс Қазақстан Қауіпсіздік Комитетінің қорында сақтаулы. (бұл мәліметтерді әлі толық ғылыми-зерттеу қажет. авт.Д.С.)


7. Бижан (Бейжанғали) Әбілқасұлы Жанқадамов 1889 жылы 23 желтоқсанда Ілбішін уезі Қалдығайты болысы 10 ауылда (қазіргі Қаратөбе ауданы Ханкөл ауылында) дүниеге келген. Руы – он екі ата Байұлына жататын қызылқұрт. Әкесі Әбілқас орта шаруалы адам болған. Ол балаларын оқытып, білім алдыруға қолындағы бар мүмкіндігін пайдаланған. Оның Рақымғали мен Оразғали атты ұлдары Орынбор гимназиясын алтын медальмен бітіріп, өкінішке орай, олар жастайынан қайтыс болған. Кейінгі балалары Бөкенғали мен Жұмағалиды ауылынан алысқа жібермей, ауыл молдасынан мұсылманша оқытумен шектеледі. Кенже ұлы Панғали тек қана хат тани алатын. Ал Бижанғалиды еркелетіп, Бижан деп атап кеткен. Ол Оралдың әскери-реалды училищесінің негізгі кластарын 1904-1911 жылдары аяқтап, жоғары оқу орнына түсу үшін бір жылдық әзірлік класын 1912 жылы бітіреді. 1913 жылы Қазан мал дәрігерлік институтына оқуға түскен. Оның екі курсын тамамдап оқыған, 1915 жылы қаражат жоқтығынан оқуынан қол үзіп қалған. Осы жөнінде курстасы Мұқаш Боштаев «Қазақ» газетіне мақала жазады [163].

1916 жылы К.Жәленов, М.Балтанов, М.Баймұхамедовпен бірге қазақтан майдандағы тыл жұмысына адам алуды тоқтату жөніндегі Жайық сырты қазақтары делегациясы құрамында Петроградқа барды. Сол жылғы қазан айында Қазан қаласында оқитын бір топ қазақ студенті қатарында майдандағы тыл жұмысына алынғандарға, олардың үй ішіне көмектесу жөнінде «Қазақ» газетінде хат жариялауға қатысты.

1917 жылы наурыз айында Әлихан Бөкейхановтың шақыруымен құрамында А.Кенжин, Б.Сүлеев, Е.Омаров, Ғ.Бірімжанов т.б. қазақ оқығандары тобында Батыс майданға келіп, жігіттерді елге қайтару жұмыстарын ұйымдастырды. Бижан Жанқадамов «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 224-санындағы «Жолсыз әуре болмаңдар» деген мақаласында тыл жұмысындағы қазақ жігіттерінің елге уақытша демалысқа жіберуді сұраған өтініш-тілектеріне жауап жазып, бұл мәселені өзінің шеше алмайтынын және оны шешудің тәртібін түсіндіреді [164].

1917 жылғы 19-23 сәуір аралығында Орал қаласында өткен 1-інші Орал облысы Қазақ съезінің делегаты. Осы съезде Орал облысы қазақ комитетінің мүшесі болып сайланады. 1917 жылдың күзінде 2-інші Қазақ облыстық съезд шешімін жүзеге асыра отыра, земство сайлауында С.Омаров, К.Отаров, Ғ.Жетпісов тәрізді ел ішіндегі ықпалды адамдардың ұсынуымен Жымпиты уездік земство басқармасы төрағалығына Кәрім Жәленовпен баламалы негізде сайлауға түсіп, басым дауыспен төраға болды.

1917 жылы күзде облыстық земство төрағасын сайлау кезінде қазақ оқығандары арасындағы топқа бөлінген күрестен өзін аулақ ұстады. Земство жүйесін бірден-бір жергілікті билік органы деп біліп, оның демократиялық негізде жұмыс істеп, халық шаруашылығы міндеттерін толықтай атқаруына күш жұмсады. Ойыл облысында үкімет пен земство билігінің қосарланбай, екі билік органының ара-жігінің дәл ажыратылуын жақтады. Осындай тура да шыншыл, принципшіл мінезімен ел ықыласына бөленіп, аз уақытта Ойыл облысы басшылары санатына енді.

1918 жылы 22-25 тамыз аралығында Комучпен Уақытша Сібір үкіметі Челябі қаласында өткізген кеңеске М.Шоқай, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтермен бірге «Ойыл уәлаяты» земствосы атынан өкіл болып қатынасты. 26-ыншы тамызда делегацияның күш салуымен аталмыш кеңесте Комуч Алашорда үкіметін таныды. Бижан Жанқадамов Алашорда делегациясы құрамында 1918 жылы 8-11 қыркүйек аралығында өткен Уфа мемлекеттік кеңесіне қатысты. 1918 жылы желтоқсандағы Жымпиты Алаш гарнизонының бас көтеруі тұсында Бижан Жанқадамов уездік земство ауруханасы үйінде Жаһанша және Халел Досмұхамедовтердің, И.Қашқынбаевтың, М.Балтановтың т.б. қатысуымен өткен кеңесте Ойыл облысы бойынша билік тұтқасын уақытша облыстық земство басқармасына беруді қолдады.

1919 жылы ақпанда большевиктік «Яицкая правда» газетінде Б.Қаратаев жариялаған Батыс Алашорда қызметкерлерінің 1-тізімінде аталды.

1919 жылы күзге қарай екінші рет өткізілген земство сайлауынан кейін қараша айында Батыс Алашорда үкіметінің Ойыл облысы земство управасы жанындағы комиссары болып тағайындалды. Сол шамада көшкен үкімет мекемелерімен бірге Ойыл бекінісіне келді. 30 қылыштан тұратын жедел отрядты басқарып, Ершовтың ақ партизандар отрядымен бірге барлау операцияларына және Қызыл армияның шолғыншы отрядтарымен болған ұсақ қақтығыстарға қатысты.

1919 жылы желтоқсанның басында Қызылқоға маңындағы Миялы жайлауында тұрған Жаһанша Досмұхамедовтің Жымпиты отрядымен қызылдардың 1-Армиясы құрамындағы 3-Татар атқыштар полкі арасында келіссөзге жүрген екі делегаттың бірі. Татар полкінің командирі Х.Мәулидов пен әскери комиссары Ғ.Қасымовқа Батыс Алашорда үкіметінің Қызылқоғада тұрған Елек казак корпусын бірлескен тұтқиыл шабуылымен алу жоспарын жеткізді. Қызылдар екінші парламенттерді кепілге ұстап қалып, Бижан Жанқадамовты «3-Татар полкінде бірқатар уақыт болған, Кеңес өкіметінің аз халықтар жөніндегі саясатымен жете танысқан, сондықтан Батыс Алашорда үкіметіне мән-жайды толық түсіндіріп бере алатын адам» ретінде қайтарды.

1920 жылы 10 желтоқсанда Бижан Жанқадамов Қызылқоғадағы қалыптасқан жағдайды талқылау үшін жиналған земстволық және қалалық өзін-өзі басқару орындары, саяси және қоғамдық ұйымдары өкілдері, ақсақалдары мен дін иелері кеңесіне қатысты. Шын мәнінде, сәл кейінірек, 27-інші желтоқсан түнінде Батыс Алашорда үкіметі Бижан Жанқадамов бұрын Ойылға жеткізген әскери қимыл жоспарын дербес жүзеге асырып, тұтас Елек корпусын өз күшімен қолға түсірді. Батыс Алашорда үкіметі таратылған соң, Бижан Жанқадамов өзге үкімет мүшелерімен бірге елден аулақ ұсталды.

1920 жылы Орынборға әкелінді. Сол жылғы 1 шілдеден Қазақ әскери-революциялық комитетінің редакциялық коллегиясында аударма комиссиясын басқарды. 1920 жылдың соңында елге оралып, 1924 жылға дейін Жымпиты уезіне қарасты Қалдығайты, Көкөзек болыстарында әртүрлі кеңес қызметінде, 1920 жылдың соңы-1930 жылдың басында Тайпақ ауданында мал дәрігері болды. Бижан Жанқадамов Мұхит Мерәліұлының зор дауыс шеңберін тілейтін, кең тынысты «Алуаш», «Айнамкөз» әндерін келістіре шырқаған, осы өңірдегі әншілік-серілік дәстүрді ұстанған. «Халық жауларына» науқан өршіген 1936 жылдың басында қызметінен босатылды. 1936 жылы қыркүйектен бастап Казталов ауданы жер бөлімінде аға мал дәрігері болып қызмет атқарып жүргенде, 1937 жылы 10 сәуірде Орал қаласында «белсенді Алашордашы, халық жауы» ретінде тұтқындалды. Бижан Жанқадамовты тұтқындаған кезде, оның бойын тінткенде табылған заттарымен 1937 жылғы 15 сәуірде № 91, №34 квитанциялары тіркелген. «Тұтқындалған Бижан Жанқадамовтан 560 сом ақша, 2600 сомның екінші бесжылдық заемы облигациясы тартып алынды» делінген және осы квитанцияға түрменің бас бухгалтері Петров дегеннің қолы қойылған [165].

Батыс Қазақстан Қауіпсіздік Комитетінің мұрағатында Бижан Жанқадамовтың № 2018 ісі сақталған. Жауап алу кезінде Жаһанша Досмұхамедовті құрметтейтінін, А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың, Ш.Бөкеевтің талантына бас иетінін тайсалмай айтты. Бұрынғы Батыс Алашорда құрамында болғанын, кейін Батыс Алашордашылар Ғ.Манкеев, М.Жақанов, М.Байшеркешов, А.Қитаровтармен байланыс ұстағанын да жасырмады. ІІХК Батыс Қазақстан облысы басқармасы «үштігінің» 1937 жылғы 25 қарашадағы қаулысымен 1937 жылдың 2 желтоқсанында түнде атылды. ҚР Жоғарғы Соты коллегиясының 1992 жылғы 16 қыркүйектегі ұйғарымымен ақталды. Бижан Жанқадамовтың бәйбішесі Бибі мен кіші әйелі Алуаштан Қалы, Шәрипа, Бриллиант, Жаңылдық, Сара, Ұлмаш есімді ұл-қыз өрбіген. Жаңылдық Бижанғалиқызы – қазақтың белгілі әдебиетші-ғалымы Шернияз Елеукеновтің зайыбы. Бүгінде немере-жиендері Орал қаласында тұрады. Бижан Жанқадамов Алашорда үкіметінің Батыс бөлімінің мүшесі және оның белсенді қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны.

Орал қалалық ономастикалық комиссиясының 2010 жылғы 17 ақпандағы отырысында Алашорда үкіметінің белсенді қайраткері, саяси қуғын-сүргін құрбаны Бижан Жанқадамовтың есімін Орал қаласындағы 2-інші жұмысшы поселкесінде орналасқан Краснодар көшесіне беру жөнінде шешім қабылданды.
8. Беркінғали Мұқашұлы Атшыбаев 1897 жылы бұрынғы Гурьев уезі Қазыбек болысы Миялы ауылында дүниеге келген. Тегі – он екі ата Байұлына жататын шеркеш руының жауғашты бөлімі. Бабасы Қазыбек (1760-1824 ж.ж) –Кіші жүздегі белгілі билердің бірі, атасы Атшыбай – 1869-1870 жылғы «Ел ауа» аталған Кіші жүз қазақтары көтерілісінде қол бастаған батыр, осы күнге дейін Қызылқоғада «Атшыбайдың көңі» деп аталатын атажұрты әлі сақталған. Өз әкесі Мұқаш Атырау-Орал өңірінің көзі ашық, сауатты әрі сауда капиталымен айналысқан дәулетті, белгілі адамдарының бірі болған. Оның әкесі қазақша-орысша сауатты, үйінде бай кітапханасы болған. Балалары: Беркінғалиды, Құсайын мен Әжіғалиды Гурьев, Орал қалаларында арнайы оқытқан. Беркінғали Атшыбаев 1905 жылы Гурьев уезі Есбол болысына қарасты Қаракөл бір кластық орыс-қазақ мектебін («Қызылүй мектеп»), Гурьевтегі екі кластық Романов орыс-қазақ училищесін (1908 жылы) бітіріп, мұнан соң Орал әскери-реалды училищесіне 1909 жылы оқуға түсіп, оны 1916 жылы аяқтаған. 1917-1918 жылдары әкесінің жанында болып, шаруашылық жүргізу, сауда ісін үйренді. Оспанов, Домаланов, Абылаев, Балғымбаев, Қаржаубаев, Күсепқалиевтер сияқты реалды училищенің, мұғалімдер семинариясының түлектерімен бірге 4-інші Орал облысы қазақ съезінің қарары мен 1918 жылы жазда Жымпитыда ашылған Ойыл облысы жігіттерінен офицерлер даярлайтын 6 айлық юнкерлер (кейін прапорщиктер) мектебіне түседі. Мектепті бітіріп, прапорщик шенінде Алашорданың Батыс бөлігін басқару жөніндегі бөлімшесінің Бас интенданты болып тағайындалды. 1918 жылғы желтоқсандағы Жымпиты Алаш гарнизонының бас көтеруі кезінде Батыс Алашорда үкіметі қаржысының бір бөлігін аман алып қалып, Ойылға жеткізді. Орал казактарының әскери үкіметін күш-көлік, майдан шығынын көтеріп отырған елдің күшімен халық әскерін ұстау қиын болатынын түсінген Батыс Алашорда басшылары Сібір Уақытша үкіметі мен ағылшындардың көмегіне сүйенуді ойластырды.

Беркінғали Атшыбаев 1919 жылдың аяқ шенінде Форт-Александровск порты, Гурьевтегі Толстов әскері арқылы Халық әскерін ағылшын құрал-жабдығымен жабдықтауды ұйымдастырып, екі арада кіре тарту, лау жүргізу ісімен айналысты. Қызылқоға және Сағыз уездік земство управалары арқылы Сібірдің оңтүстік-батыс астықты аудандарындағы кооперативтер мен жергілікті қазақтардың (Ойыл, Ілбішін, Қаратөбе базарларында) айырбас саудасын жолға қойды. 1919 жылы күзде Батыс Алашорда үкіметінің негізгі құрамында Ойылға, сонан соң Қызылқоғаға ығысып келеді. Сол жылы желтоқсанда Қызыл армия бөлімшелері мен ақ казактардың осы өңірдегі соңғы шайқастарының ортасында болды. Бұрынғы Комуч Халық армиясының Орал казактары құрамындағы полковник Горшков басқарған отрядын қызылдар жағына шығарған Жаһанша Досмұхамедовтің операциясына қатысты. Беркінғали Атшыбаев – Батыс Алашорда үкіметі тізе бүккеннен кейін, Түркістан майданы басшылығының кепілі ретінде ұстап, Орынборға жөнелту жөніндегі құпия нұсқауына сәйкес оқшаулатылған бес Батыс Алашорда қайраткерлерінің бірі.

1920 жылдың ақпанында осы топ құрамында Мәскеуге әкетілді. Осы күндері Жаһанша және Халел Досмұхамедовтермен бірге Кеңес басшылығына Батыс Алашорда қызметі жөніндегі белгілі хат-баяндаманы әзірлеуге қатысты. Сол жылы мамырда бестіктің алғашқысы болып Орынборға оралып, Қазәсревком Ішкі істер бөлімінің меңгерушісі Ә.Әйтиевтің қолдауымен аталмыш бөлімге іс жүргізуші болып орналасты. Кейінірек осында Азаматтық халық актілерін тіркеу бөлімінің меңгерушісі болды, комиссариаттың қаржы-есеп бөліміндегі А.Затаевичпен бірге істеді. А.Затаевич Беркінғали Атшыбаевтың айтуынан жазып алған, Мұхит Мерәліұлының «Паң көйлек» әнін (3-нұсқасы) өзінің 1925 жылы жарық көрген «Қазақ халқының 1000 әні» кітабында жариялады. 1920 жылдың аяқ шенінде Ішкі істер комиссариатының хатшысы болды, іс басқарушысы қызметін атқарды.

1921 жылы күзге қарай ҚАКСР халық ағарту комиссары, ҚАКСР ОАК Балалар өмірін жақсарту жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы А.Кенжиннің ұсынуымен осы комиссияның Түркістандағы азық-түлік сатып алу жөніндегі төтенше өкілі болып тағайындалды. Ташкентке келіп, ашығып жатқан қазақ бауырларына Түркістан Республикасы тарапынан көмек ісін ұйымдастырды. Жаһанша Досмұхамедовпен бірге Қарақол, Тоқмақтан азық-түлік іздеді. 1921 жылы қарашада Самарқандқа 400 панасыз қазақ баласын алып келген 303-санитарлық поезбен Қазақстанның солтүстік өлкесіне 5000 пұт бидай жеткізді. Кейін ҚАКСР Халық ағарту комиссариатында социалистік тәрбие кадрларын даярлайтын курстардың аймақтық меңгерушісі болды.

1922 жылдың қыркүйегінен-1923 жылдың тамыз аралығында Мәскеудегі «Сантонин» тіресінде іс жүргізу бөлімінің меңгерушісі, екі дүркін «АРОСПО» акционерлік қоғамы тіркеу комиссиясының мүшесі, «Казкрай союздың» Мәскеу өкілдігінде экономикалық тексеруші болып 1924-1926 жылдары істеді. Мұнан соң 1926-1928 жылдары РКФСР Жоғарғы сотында аудармашы болды. 1928 жылы Мәскеудегі Тау-кен академиясына (қазіргі Губкин атындағы мұнай инситутына) мұнай факультетінің геология бөлімшесіне оқуға түсті. А.Затаевичпен Арбат ауданында бір үйде тұрды. Оның 1930 жылы қыркүйекте сыртына Беркінғали Атшыбаевқа тілек-қолтаңба жазып берген ескерткіш суреті ҚР Мемлекеттік орталық музейінде сақтаулы. Беркінғали Атшыбаев 1930 жылы «Алашордашы, жат элемент» деген айыппен Тау-кен академиясынан шығарылды. Сол жылы Гурьев қаласына келіп, «Эмбанефть» тресіне қатысты геологиялық-барлау конторында геолог, сонан соң далалық геологиялық-картировка секциясының меңгерушісі болып істеді. Осы саладағы еңбек жолы бұрын жете зерттелмей келген Жем (Ембі) мұнай алыбының Каспий маңы ойпатына кіретін байтақ аумағында мұнай іздестіру жұмысының етек ала бастауына тұспа-тұс келді. Беркінғали Атшыбаев аз уақытта білімімен, тындырымдылығымен П.Авров, С.Горкин, И.Г.Пермяков секілді тәжірибелі геологтердің құрметіне ие болды. Осы қызметте мұнай іздестірудің геофизикалық тәсілдерінен бастап микропалеонтологиялық талдау сияқты жаңашыл әдістерін қолдана отырып, ықтимал кен көздерінің геологиялық картасын жасады. Ел аузында «Мосы-ағаш» аталатын бұл белгі-бағандар, олардың түбінде сақтаулы ақпараттық-мәлімет, есептеулер әлі күнгі геолог-барлаушылар кәдесіне жарап келді. Беркінғали Атшыбаев басқарған геологиялық-физикалық іздестіру жұмыстары нәтижесінде 1931 жылы Мұнайлы, Алтыкөл, Ескене мұнай көздері ашылды, 1933 жылы алғаш рет Қондыбай кен орнының геологиялық картасы жасалды. 1934 жылы Жолдыбайда мұнайдың жүлгелі құрылымы бар екендігі анықталды. 1935-1936 жылдары Құлсары, Дүйсеке, Шонай, Қарашүңгіл, Төлес нүктелерінде кешенді жүргізілген геофизикалық барлау жұмыстары да Беркінғали Атшыбаев есімімен байланысты. 1931 жылы Адай көтерілісі кезінде Мұнайлы нүктесі маңында жүрген Пермяковтің экспедициялық партиясындағы орыс ұлты өкілдерін Құрмаш жасағының жазалауынан алып қалды.

1935 жылы Беркінғали Атшыбаев Гурьев тау-кен техникумының түлегі, техник-геолог Л.Софенрейтерге үйленді. 1937 жылы қазан айында «Эмбанефть» тресі бойынша Х.Ақботин, Т.Иманғазиевпен бірге «І.Құрамысовтың Алашордашыл, контрреволюциялық ұйымына қатысты» деген айыппен тұтқындалды, сол жылдың аяқ шенінде кезекпен Орал қаласына айдалып, хабарсыз кетті.

Батыс Қазақстан Қауіпсіздік Комитетінің мұрағат қорында №2368 1937 жылы 8 мамырдағы Нұрмұхамедов Хасанның ісі бойынша тергеу кезінде тергеуші Хасан Нұрмұхамедовке: «Сіз Беркінғали Атшыбаев деген қазақты білесіз бе? Ол адаммен қашан, қалай кездестіңіз, неше рет?» деген сұрақтар берген. Хасан Нұрмұхамедовтің жауабы: «Иә, мен Беркінғали Атшыбаевты танимын, бұрынғы Алашордашы. Онымен Алашорда съездерінде бірнеше рет бірге болдым, делегат болып, Алашорда тараған соң көп уақыт кездеспей, тек 1933 жылы Гурьев округіне барғанда «Ойыл» ауданының «Қандыбай» жерінде кездестім. Біздер сол жерде машина күтіп қондық, Беркінғали Атшыбаев геология экспедиция партиясының басшысы екен. Ертеңіне Ойыл ауданының «Тандыкөл» территориясын қарадық. Тандыкөлде Жалмағамбет деген қазақтың үйінен шай іштік, мен Ойылға кетіп қалдым, ал Беркінғали Атшыбаев сол үйде қалды», – дейді және 1937 жылы Беркінғали Атшыбаевты Доссорда кездестірдім, мен көшеде отырған едім, өтіп бара жатқан Беркінғали Атшыбаев келіп менімен қол алып амандасты. Ештеңе айтып сөйлеспестен кетіп қалды, бұл кездесулер жөнінде мен ешкімге ештеңе айтқан жоқпын, –деп жауап берген [166].

1937 жылы қазан айында Беркінғали Атшыбаевты тұтқындап, Орал қаласына әкелген. Менің ойымша, Беркінғали Атгшыбаевтың ісі де Батыс Қазақстан Қауіпсіздік Комитеті мұрағатында болу керек. (авт. Д.С.) Ауызекі деректерге қарағанда, тергеушілер тарапынан болған қысастықтан түрме ауруханасына түсіп, қиналып жан тапсырған. Алғашқы зайыбы – Мария Сергеевна Анзимирова ұзақ жыл Мәскеу қаласындағы Жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде хатшы болып қызмет істеп, 1952 жылы қайтыс болды. Алғашқы некеден көрген ұлы Георгий Атшыбаев «Огонек» журналында қызмет істеген журналист, 1981 жылы 56 жасында көз жұмды. Соңғы некеден Беркін есімді ұлы қалды. Ол 1959 жылы Волгоград автомобиль тас жолдары институтын бітіріп, Қазақстан Автомобиль жолдары министрлігінде, «Каздорпроект» ғылыми-зерттеу институтында істеді. Анасы Лидия Георгиевна екеуі Алматы қаласында тұрады.

Беркінғали Атшыбаев Оңтүстік Орал әскери округі прокуратурасының 1957 жылғы 6 желтоқсандағы қаулысымен ақталды. Беркінғали Атшыбаев – Батыс Алашорда қайраткері, қазақтың жоғарғы білімді, тұңғыш мұнай барлаушы геологы.

Болашақта Батыс Алашорда қайраткерлерінің өмірдеректерін, атқарған қызметтерін зерттейтін «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығын құрсақ, тарихтың көптеген жаңа парақтары ашылары сөзсіз. (авт. Д.С.)


9. Ғұмар Қожахметұлы Есенғұлов 1890 жылы 15 мамырда Орал облысы Темір уезі Ембі-Темір болысының №8 ауылында дүниеге келген. Оның әкесі – Қожахмед Есенғұлов, анасы – №3 ауылдан Балхия Таменова. Бұл дерек Батыс Қазақстан облысы мұражайының №27056 қорынан алынды [167]. Осы күнге дейін Ғұмар Есенғұлов 1886 жылы дүниеге келген деп көрсетілген болатын-ды. Жоғарыда көрсетілген құжатқа ауыл старшыны, №8 және №3 ауылдың ауылнайы Әлібек Қитмановтың және халық судьясы Әли Жылқамановтың қолдары қойылып расталған, бұған Ембі-Темір болысының старшыны Т.Санкебаев мөрін басқан. Есенғұлов Ғұмардың туу туралы куәлігі жоғары оқу орнына түсу үшін берілген [168]. (авт Д.С.) Әкесі елдегі көзі ашық, зерек адам болған. Ғұмар Есенғұлов болыстық орыс-қазақ мектебін, қалалық орыс-қазақ Романов училищесін бітіргеннен кейін Орал әскери-реалды училищесіне оқуға түседі. Батыс Қазақстан облыстық мұражайының № 27047 қорында Ғұмар Есенғұлов аттестатының көшірмесі сақталған. Есенғұлов Ғұмар Орал әскери-реалды училищесіне 1903 жылдың қаңтарында қабылданып, өте жақсы тәртібі мен жақсы оқуымен көзге түскен. 1909 жылдың 6 маусымында Орал әскери-реалды училищесінің толық курсын тамамдаған [169]. Ғұмар Есенғұлов жоғары оқу орнына түсу үшін 1909 жылы тамызда қосымша бір жылдық әзірлік класында оқып, оны 1910 жылы 8 маусымда аяқтайды [170]. Бұл құжат 176 нөмірлі [171].

Училищеден соң курстастары Б.Бисенов, Ы.Шұғыловпен бірге 1910 жылы Саратов университетінің медицина факультетіне түсіп, оны 1914 жылы бітіріп шықты. Студенттік шағында Ғұмар Есенғұлов Орал облысының земство сборынан 350 рубль көлемінде жылына стипендия (шәкіртақы) алып оқыған [172].

1914-1916 жылдары Саратов қаласындағы Земгор одағының лазаретінде дәрігер-ординатор болып қызмет атқарған. 1916 жылы Орынбор қаласындағы жедел жәрдем стансасында дәрігер болды. 1916 жылы 15 сәуірде Ғұмар Есенғұлов Саратов қаласындағы Император атындағымедицина факультетінің сынақ комиссиясының төрағасына өтініш жазып, «Степень лекаря» «Емдеуші дәрігер» біліктілігіне емтихан тапсыруға рұқсат сұраған [173]. Бұл өтініші қанағаттандырылып, «Емші дәрігер» біліктілігін 1916 жылы 9 маусымда алады және әскери іске қатыстылығы туралы №7902 куәлігі берілген [174]. Батыс Қазақстан облыстық мұражайында №2675 іс Ғұмар Қожахмедұлы Есенғұловқа арналған. 393-қор, тізбе № 1. Жалпы алғанда, бұл істе Орал реалды училищесі, әзірлік курсы, студенттік, емшілік кезеңдері жылдарымен сипатталған [175].

Ғұмар Есенғұлов 1917 жылы сәуірдің басында Орынбор қаласында өткен Торғай және Орал облысы қазақтарының съезінде қаралатын мәселелерді әзірлеп, өтетін орны мен уақытын анықтап, жұртқа хабар беретін айрықша бюроның құрамына кірді. 1917 жылы сәуірдің ортасында Орал қаласында өткен 1-інші Орал облысы Қазақ съезінде Жайық сырты облысы қазақ комитетінің мүшесі болып сайланды. 1917 жылғы 21-26 шілде аралығында өткен 2-інші Жалпықазақ съезінің қаулысымен Құрылтай жиналысы депутаттығына Орал облысынан белгіленген 7 кандидаттың бірі болды. Құрылтай жиналысына Алаш партиясы атынан аталған депутаттар тізіміне де кірді. Уақытша үкіметтің Орал облысындағы комиссары Г.Бизяновтың ұйғаруымен 1917 жылы Темір уезі бойынша Уақытша үкімет комиссары болып тағайындалды. 1918 жылы 11 қыркүйектегі орталық Алашорда үкіметінің Уфа мәжілісінің қаулысымен Уақытша үкімет берген құқықтарды уақытша пайдалана отырып, жергілікті земстволық басқару ісіне бақылау жасайтын Алашорда Темір уездік комиссары міндеті қоса жүктелді. Осыған орай «Ойыл уәлаятының» облыс комиссары Ж.Мергеновке бағына отырып, Темір уездік атқару комитетінің Халық шаруашылығы бөлімі деп аталған жергілікті земстволық басқару құрылымының жұмысына бақылау жасады. Осы қызметте жүріп 1918 жылы күзде ақ казактардан қашып, Темірге келген Ә.Әйтиевке, М.Ипмағамбетовке Уақытша үкімет комиссарының қолы қойылып, мөрі басылған куәлігін табыстап, елге жетулеріне көмектесті. Большевик И.Құрмановтың идеяластарына қарсы күреске қатысты, 1919 жылы маусым айында Батыс Алашорданың әскери бөлімшелерін Орал казактарының әскери үкіметі жағында ұрыс қимылдарына қатыстырмау мақсатында Темір стансасы маңында қызылдарды атағымен қашырған Жаһанша Досмұхамедовтің 300 жігітін халық жасағы сойылмен қаруланған «запас кісілер» есебінен 3 мыңға жеткізіп, үрей туғызған әскери тактикалық шараны ұйымдастыруға қатысты. 1919 жылы қарашада Темір кентін қызылдардың 1-армиясы алғаннан кейін, Кеңестер жағына 1919 жылы 20 желтоқсанға дейін шыққандардың қатарында ауылды кеңестендіру, жергілікті басқару органдарын қайта құру ісіне атсалысты. Темір кентінде эпидемолог дәрігер болды. Темір уездік солдат, жұмысшы, шаруа және қазақ депутаттары кеңесінің денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі Н.Қалменовтің ұсынуымен 1920 жылы қаңтарда сүзекке қарсы күресетін эпидемолог отряд меңгерушілігіне тағайындалды. 1920 жылы маусым айында РК (б) П Қазақ облысы бюросы төралқасының шешімімен жаңадан құрылған Орынбор-Торғай губерниясын атқару комитетіне мүшелікке тағайындалды. 1925 жылдан бастап Ақтөбе қаласында орталық амбулаторияда дәрігер-терапевт қызметін атқарды. 1929 жылы ІІХК органдары тарапынан тұтқындалып, Воронежге жер аударылды. 1930 жылы елге қайтып келіп, дәрігер болып қызмет етіп жүргенде қайтыс болды.



Мақсат Тәжімұраттың «Алғашқы қазақ дәрігерлері» атты еңбегінде Ғұмар Есенғұлов 1930 жылдары қайтыс болғанын айтады, бірақ осы деректі әлі де нақтылау қажет. (авт. Д.С.)
10.Бақтығали Бисенұлы Бисенов 1889 жылы Орал облысы Ілбішін уезі Қызылжар болысы № 5 ауылында (қазіргі Ақжайық ауданы) дүниеге келген. Әкесі Бисен сауатты, дәулетті адам болған. Болыстық орыс-қазақ мектебін, қалалық Романов орыс-қазақ училищесін бітірген соң Орал әскери-реалды училищесіне 1901 жылдың тамыз айында оқуға түсіп, оның толық курсын «өте жақсы» тәртібі мен «жақсы» бағаларымен 1909 жылдың 6 маусымында аяқтаған, оқу орнын бітірген аттестаты 1909 жылдың 30 желтоқсанында берілген [176]. Осы жылы Бақтығали Бисенов Орал әскери-реалды училищесінің жанындағы әзірлік класында бір жыл оқып, жоғары оқу орнына оқуға түсуге даярланғаны туралы анықтама құжат берілген, оның нөмірі №177 [ 177].

Училище оқушылары Ғ.Есенғұлов, И. Қашқынбаев, Ы.Шұғыловтармен бірге оқыған. Оның училищеде оқыған жылдары Ресейдегі I Орыс революциясымен тұстас келді. Осы кезде Орал қаласында Бірінші Орыс революциясы жылдарында «Фикер» «Уральский листок» т.б газеттер шығарылып тұрды. Революция жылдарында осы газеттер маңына ұйысқан Қазақ кадеттер партиясына ниеттес болғандары үшін жандарм бақылауына ілігеді. Бақтығали Бисенов 1907 жылы Орынбор қаласына арнайы барып, Орынбор оқу-ағарту округі сынақ комитетінде ерлер гимназиясының 8 кластық білімімен латын тіліне сынақ тапсырып, қанағаттанарлық баға алады. Бұл куәліктің нөмірі №28929 [178]. Сөйтіп, 1910 жылы 14 тамызда Саратов қаласындағы Николай Императорлық университетінің медицина факультетіне оқуға түсуге арыз берген және латын тілінен емтихан тапсырған [179]. Медицина факультетініің 1 курсына 1910 жылдың 11 қазанында қабылданады [180]. Бірақ үш жыл өткенде бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты оқу курсының тоғыз семестрін мерзімінен бұрын аяқтайды. Бақтығали Бисенов Саратов қаласындағы медицина университетін бітіргендігі жөнінде бағалары қойылған куәлікті 1914 жылдың 14 қарашасында алып шығады [181]. Соғысқа байланысты армия қатарына кетеді. 1917 жылдың 30 сәуірдегі сынақ комиссиясының қорытындысымен дәрігер мамандығын алып, елге келеді. 1917 жылы жедел түрде мемлекеттік сынақтарды тапсырады [182]. Осы жылы Орал облысы 13-Қызылқоға ауылдық- дәрігерлік учаскесінде қызметке кірісіп, еңбек етеді [183]. Ауылдық жерде жұмыс істей жүріп, медициналық университетті бітіргені жөнінде дипломын алу үшін оқу орнына бірнеше рет өтініш жазған [184]. Сонымен қатар Бақтығали Бисенов «Емші дәрігер» біліктілігіне де емтихан тапсырған [185]. Бақтығали Бисенов 1917-1920 жылдары өлкемізде болыстық, уездік дәрежеде земство мекемелерін құру қызметіне қатысты. Оның інілері Орал әскери-реалды училищесінің түлегі Ишанғали Бисенов Жымпитыдағы «Ойыл уәлаятының» прапорщиктер мектебін бітіріп, штаб офицері болды, ал Зепқали Бисенов Ойыл юнкер мектебін бітіріп, Алаш полкінде жүзбасы қызметін атқарды. Батыс Алашорда үкіметі таратылғанға дейін Бақтығали Бисенов Алаш қайраткерлерімен бірге ниеттес болып қызмет атқарған. Батыс Алашорда таратылғаннан кейін 1920 жылдан бастап, Орал облысындағы Калмыков уездік денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. Уездің өзінде фельдшерлік пункт болған, азамат соғысының бастауымен уезд халқына қызмет көрсетуге көп кедергілер туындайды. 1924 жылы Жымпиты уезіндегі Байғұтты ауруханасының меңгерушісі болып істеген. Мұндағы медициналық қызметті жоғарғы деңгейге жеткізді. Бақтығали Бисеновті 1928 жылы Тайпақ аудандық ауруханасын басқару жұмысына жібереді. Тайпақ аудандық ауруханасын басқарған кезде, осы ауданның Базартөбе ауылында амбулатория мен аурухана салдырады. Денсаулық негізі, ең алдымен, сәби күтімі мен дұрыс тамақтану екенін жақсы білетін дәрігер, білгір маман ет-сүтті өндіру бағытында ірі қара табынды көбейтуді ұсынады. Одан кейінгі жылдары Жымпиты уездік ауруханасында дәрігер болып жүрген кезінде тұтқындалады. Бақтығали Бисеновтің құжаты Батыс Қазақстан Қауіпсіздік Комитетінің Департаментінде сақталған. Бұл құжатта Бақтығали Бисенов 1937 жылы 16 қыркүйекте ұсталып, оған «контрреволюционер, ұлтшыл ұйымға қатысты» деген айып тағылады. Тұтқындалғанда Бақтығали Бисенов 48 жаста, Жымпиты ауылының тұрғыны, Жымпиты аудандық ауруханасының кіші дәрігер қызметкері болды. Оның әйелі Жанша 37 жаста, баласы Махмұд 17 жаста, Мажит 12 жаста, қызы Зейнеп 9 жаста, баласы Әнуар 4 жаста, қызы Роза 1 жаста делінген. Бақтығали Бисеновтің тұтқындалған кездегі жауабында жеке-мүлкі – 2 сиыры, 1 жылқы, 1 түйесі болған. Бақтығали Бисеновтің тегі малшы деп жазылған [186].

Бақтығали Бисенов Орал қаласының түрмесінде 1938 жылдың 19-ыншы ақпанында ст. 58-26 58-11 УК РСФСР кодексі бойынша атылған. Оның қылмыстық ісі 1958 жылы 14.06. тоқтатылды, бірақ атылғаны жөніндегі мәліметі Батыс Қазақстан Облыстық Қауіпсіздік Комитетінде №6 қорында сақтаулы, бірақ ісінің нөмірі бізге берілмеді. (авт.Д.С.)

Бүгінде Бақтығали Бисеновтің қызы Роза Бақтығалиқызы Бисенова Алматы қаласында тұрады. Ал оның балалары Астана қаласында еңбек етуде. Роза Бақтығалиқызы көп жылдар әкесі туралы мәліметтерді іздестірумен, жинастырумен айналысқан. Мен Роза Бақтығалиқызымен 2008 жылы қараша айында Астана қаласында өткен Алаш мұрасына арналған Халықаралық конференцияда кездестім. Роза Бақтығалиқызы зейнеткер, мұғалім болған, көп жылдар комсомол, партия ұйымдарында қызмет істеген. Жанары өткір, сөзі мірдің оғындай, өте пысық, қазақша-орысша екі тілде сөйлейтін қайратты адам екен. Ол кісі Орал қаласынан келген делегацияны іздеп келіп, менімен өзі танысты. Өзін «Батыс Алашордашы Бахи Бисеновтің қызы Роза Бисенова боламын» деді және көп жылдардан бері әкесі жөнінде мәліметтер алу үшін бірталай жерлерде болғанын, әкесінің құжаттарын таба алмағанын айтты. Оның себептері:

Біріншіден, әкесінің туған жылы табылған құжаттарда әртүрлі көрсетілген, мысалы Батыс Қазақстан облыстық энциклопедиясының 183-бетінде Бақтығали Бисенов 1889 жылы туылған десе [187], Батыс Қазақстан облыстық мұражай қорындағы № 393-қор, 1-тізбе, №2594 істегі аттестат пен куәліктерінде 1889 жылы дүниеге келген, ал Саратов медициналық университетін бітірген дипломдарында 1890 жылы деп оның туған жылы көрсетіледі. Батыс Қазақстан облыстық Қауіпсіздік Комитетінің қорында Бақтығали Бисеновтің аты Бах деп жазылған және туылған жылы 1890 деп көрсетілген. Осындай мәліметтерді сараптай келе, Бисеновтің 1890 жылы туылғанын және оның есімі Бақтығали екенін анықтадық [188]. (авт. Д.С.)

Роза Бисенова әкесі атында Орал қаласында не оқу орындарының, не көше аттары берілмегеніне өкінетінін айтып, болашақта Орал медициналық колледжіне Бақтығали Бисеновтің есімі берілсе деген өтінішін білдірді [189].

Бақтығали Бисенов – Батыс Алашорда мүшесі, өлкемізден шыққан білікті маман-дәрігер, Алаш қозғалысына қатынасқан, ұлтының болашағын ойлаған ұлтжанды қайраткер.


с. 1 ... с. 3 с. 4 с. 5 с. 6 с. 7 ... с. 9 с. 10

скачать файл