Дарындылық бұл адамның басқа адамдарға қарағанда бір немесе бірнеше


с. 1 с. 2 с. 3 с. 4
КІРІСПЕ
Дарындылық – бұл адамның басқа адамдарға қарағанда бір немесе бірнеше қызметтегі жоғары нәтиже мүмкіндіктерімен анықталатын психикалық сапа, біріккен қабілеттіліктің көрсеткіші. Дарындылықтың 100–ге жуық анықтамасы бар. Көп жағдайда ол баланың ертерек даму кезеңінде байқалып, оның пәндер бойынша үлгерімі мен ой - өрісінің дамығандығымен, яғни парасаттылығымен көрініп жатады.

Дарындылық деңгейі, сапасы, даму сипаты бұл табиғи дарын белгілері мен әлеуметтік ортада әрекет етуі (ойын, оқу, еңбек) кезінде қалыптасатындығын қазіргі психологтар мойындап отыр. Н.Ожеговтың сөздігінде дарындылық “табиғатпен берілетін ерекше қабілет” деп түсіндіріледі. Адами ойлау, ізденімпаздық – табиғаттың адамзатқа берген тамаша сыйы. Бұл қабілет барлық адам бойынан табылары да сөзсіз. Дегенмен, табиғат оны бәріне бірдей етіп бөлмей, біреуге аздау, ал үшіншілеріне мүлдем жарытпай тарататыны да анық.

Біз дарынды деп белгілі бір қабілеті көпшіліктің орташа қабілетінен ерекшеленетіндерді айтып жүрміз. Өмір сүретін орта, берілетін тәрбие осы ерекшеліктің одан әрі дамуына көмектеседі немесе оны мүлдем жоқ қылады. Мәселен, саусағынан бал тамған кәсіби зергердің табиғи алмазды бриллантқа айналдырғаны сияқты, қолайлы ахуал, тамаша кәсіби ұстаздық кез келген ерекше қабілетті оқушыны дарынға айналдыра алады. Міне, осы бір айдай анық мәселе педагогика мен психологияда көптеген “тар жол, тайғақ кешулерден” өтіп, өз жолын енді тауып келеді.

Көптеген ғалымдар дарындылықты генетикалық нәрсе деп қарастырып, оны белгілі бір даму сатысының соңғы нәтижесі деп түсіндіреді. Кезінде Платонның өзі ақындықты “өнер мен білімнің арқасында емес, құдайдың анықтауы мен кернеген сезімнен” туындайды деген болатын. Ал Сократ өзінің ерекше қасиетін түсіндіргенде “маған көмекке әрдайым мейірімді перім – гений келеді” деген екен.

Әлбетте, дарындылықтың тұқым қуалайтындығы, ұрпақтан ұрпаққа берілетіндігі сөзсіз. Ендеше Абайдай Ұлы тұлғаны өмірге әкелген Құнанбайды дарын емес деп кім айтады?

Канада ғалымы Д.Хебб психология ғылымына “генотиптік интеллект” деген ұғымды енгізді. Бұл таза тұқым қуалайтын интеллект сыртқы ортамен қарым – қатынас орната отырып, “фенотиптік интеллектіні” құрайды. Соңғысының деңгейі бәрімізге белгілі тест әдісімен анықталады. Д.Хеббтің ойынша ген арқылы берілу мен сыртқы ортаның әсерінің арасындағы қатынас 8:2. Мұнда 8 – тұқым қуалаушылық, 2 – сыртқы орта. Осыдан ол мынадай қорытындыға келеді: ой- өріс (интеллект) – бұл мәдени - әлеуметтік орта мен индивидтің (адамның) тәжірибесінен пайда болатын өнім, ал осы тәжірибені ассимиляциялап (жинақтап) тиімді пайдалана білуінің 80% генотиптік құрылымға байланысты.

Д.Хеббтің және басқа да гендік дарындылықты жақтаушылардың тұжырымдары практик – ғалымдар мен білім қызметкерлері тарапынан қатты сынға алынды. Олардың бірнші қарсылығы “қатып қалған интеллектіні” жоққа шығарудан басталады. Сегіз бен он алты жас арасындағы сынақтан өткен оқушылардың 50% ғылымның әр түрлі саласынан әр дәрежеде ой өрісі деңгейін көрсете білген. Сонда оқушы 8 жыл ішінде тұрақсыз интеллектуалды дарындылығын танытқан.

Нақты, шүбә келтірмейтін немесе көпшілік мойындаған дарындылық туралы тұжырымдама болған емес. Бұл бағыттағы жақсы жетістіктерге қарамастан, оны жоқ деуге болады. Әйтсе де бұл жағдай дарындылықты ғылыми тұрғыдан зерттеушілерді көп қиналта қоймайды. Тіпті кейбіреулері мұны дұрыс заңды нәрсе ретінде қабылдау керектігін алға тартады.

Белгілі ағылшын психологі Г.Айзенк осы мәселе жайындағы көзқарасын былай түйіндейді: «Термометрді алғаш ойлап тапқанда, ғылымда жылу құбылысы, оның өлшем бірліктері туралы мәлімет өте мардымсыз болды - түбінде жылулық теориясы термометр және басқа да құралдармен өлшеулер жүргізу арқылы дамыды емес пе?». Сөйтіп Г.Айзенк дарындылық туралы түбегейлі, тұрақты қорытынды шығаруға асықпаған жөн деп тұжырымдайды ойын.

Дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеуді ұйымдастырудағы басты міндет – балалардың қабілеттері мен таланттарын жан-жақты аша түсу үшін дарындылықтың ерекшеліктерін (түрі, деңгейі және т.б.) анықтау мен айқындау болып табылады.

Дарынды балаларды анықтау – баланың дамуын талдаумен байланысты ұзақ процесс. Дарындылықты қандай да бір әдіспен анықтау мүмкін емес (мысалы, сынақтан өткізу). Дарынды баланы тәрбие беру мен оқыту барысында біртіндеп, сатылап анықтау қажет.

Баланың дарындылығын бағалағанда қателесу ықтималдылығын барынша төмендету қажет, өйткені ғалымдардың өзі дарындылық атты таңқаларлық құбылысқа тән белгілер күрделі, сан қырлы және көп деңгейлі болғандықтан нақты анықтама бере алмай отыр.

Балалар бойындағы дарындылықты анықтау – ұлттық маңызды мүдделердің бірі. Дәл қазіргі уақытта баланы дарынды және дарыны жоқ бала деп бөле отырып, біз баланың келешек өміріне жасанды түрде қол сұғып отырмыз. Өйткені, баланың бойындағы қайталанбас ерекшелігі өсе келе баланың шын мәнінде талантты болатынына кепілдік бола алмайды.

Дарынды балаларды анықтау – арнайы бағдарлама мен білікті мамандардың қатысуын қажет ететін өте күрделі мәселе және дарынды балалармен жұмыс істеудегі қажетті кезең болып табылады.

Жасырын дарыны бар балалар өз қабілеттерін ашық көрсете алмайды (түрлі психологиялық кедергілерге байланысты). Бірақ сәйкес ынталандыру шараларынан кейін (ойындар, байқаулар, жетістікке жететініне сендіру және т.б.) мұндай балалар өз қабілеттерін көрсете бастайды (белгілі бір оқу пәні, тәжірибе жұмыстарында, спорт және т.б.).

Көп жағдайда (психофизиологиялық, арнайы сипаттағы себептерге байланысты) дарындылық кеш байқалуы мүмкін. Демек, орта деңгейлі дарынды оқушылар түрлі сипатта болады, бұл балаларда жасырын мүмкіндіктер көп болады.

Қазақстан Республикасында қолға алынып, жүйелеуден өтіп жатқан «Дарын» бағдарламасының педагогтар алдына қойып отырған мақсаты – тұлғаның жалпы қабілеттерін дамыта отырып, белгілі бір саладағы ерекшелігін танытуына жан – жақты әдістемелік және психологиялық қолайлы жағдайлар тудыру.

Біздің зерттеуімізде көрсетілген оқушы дарындылығының деңгейлері белгілі шамада шартты болып келеді, өйткені бұл дарындылық қасиеті өз сипаттары бойынша көп қырлы құбылыс болып табылады (белгілері мен көрсеткіштері бойынша).

Осы материалдар мектеп мұғалімдерінің тәжірибелік қызметтерінде көмегін тигізер деп үміттенеміз.
ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРДЫ АНЫҚТАУДЫҢ ПРИНЦИПТЕРІ МЕН ӘДІСТЕРІ

Дарынды балаларды анықтау – нақты бір баланың дамуын талдауға байланысты ұзақ мерзімді процесс. Дарындылықты бір реттік тестілеу процедурасымен анықтай салу мүмкін емес. Сондықтан да дарынды баланы бір сәтте таңдаудың орнына оны арнайы бағдарламамен оқытуда (қосымша білім беру жүйесінде), немесе дербестендірілген білім беруде (жалпы білім беретін мектеп жағдайында) біртіндеп, кезең-кезеңімен анықтауға күш жұмсау керек.

Психометрикалық тесттер дарынды балаларды идентификациялау бағдарламасының аясында қосымша ақпарат көздерінің бірі ретінде қолданылады. Бірақ ол да баланы «дарынды» немесе «дарынды емес» деп шешім шығарудың жалғыз критерийі емес. Дарынды балаларды анықтау мақсатында қолданылатын психология-педагогикалық мониторинг бірқатар талаптарға жауап беруі керек:

1) баланың бейімділіктерінің кең спектрін қамтуға және ақпараттың түрлі көздерін қолдануға мүмкіндік беретін оның мінез-құлқы мен әрекетін жан-жақты бағалаудың кешенді сипаты;

2) идентификациялау процесінің ұзақтығы;

3) баланың бейімділіктері мен қызығушылықтарына барынша сәйкес келетін әрекет саласындағы мінез-құлқына талдау;

4) балалар әрекетінің өніміне (суреттер, өлеңдер, техникалық модельдер, математикалық есептерді шешу тәсілдері және т.б.) сарапшыларды (белгілі бір пән саласы бойынша жоғары білікті мамандар – математик, шахматист, филолог, инженер, т.б.) тарта отырып, сараптамалық баға бергізу;

5) баланың дарындылық белгісін анықтауда оның психикалық дамуының актуалдық деңгейі ғана емес, оның жақын даму аймағын да ескеру керек. Ерекше бағдарламамен проблемалық сабақтар өткізу, баланың психологиялық «кедергіден» өтуіне игі ықпал ететін тренинг әдістерін қолдану тиімді;

6) нақты бір баланың өзіндік ерекшелігі мен дарындылық түріне сәйкес таңдалатын көптеген психодиагностикалық процедураларды қолдану арқылы тексерудің көпкезеңділігі;

7) диагностикалық тексеруді шынайы өмірлік жағдаят жағдайында, табиғи экспериментке ұқсас формада жүргізу;

8) зерттеушілік әрекетті модельдейтін және балаға барынша әрекет еркіндігін беретін пәндік жағдаятты қолдану;

9) балалар мен жасөспірімдердің пәндік олимпиадалардағы, конференциялардағы, спорттық жарыстардағы, шығармашылық байқау, фестивальдардағы жетістіктерін талдау;

10) психодиагностиканың экологиялық валидті әдістерін – баланың шынайы жағдаяттағы шынайы мінез-құлқын бағалауға мүмкіндік беретін - әрекет нәтижесін талдау, бақылау, әңгімелесу, ата-аналар мен мұғалімдердің сараптамалық бағасын тірек ету;

Дегенмен дарындылықты анықтаудың кешенді амалы да қателіктерден толық арылта алмайды.

Дарынды балаларды анықтауда дифференциялау қажет:

а) берілген жас ерекшелігі кезеңінде қол жеткізілген, дарындылықты дамытудың өзекті (актуальды) деңгейі;

б) әрекеттің сан түрінде жүзеге асырумен байланысты болатын дарындылықтың нақты байқалуының ерекшеліктері;

в) баланың дамытылуы тиіс әлеуеттік мүмкіндіктері.


ДАРЫНДЫ БАЛА ТҰЛҒАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Дарындылық түрлерінің айырмашылығы дарындылық белгілерінің байқалу шараларымен де, сонымен қатар баланың жетістіктер деңгейін бағалаумен де байланысты. Дарындылықты осындай негізде ажырату, оның шарттылығына қарамастан, бала дарындылығын сипаттайтын түрлі көрсеткіштерді салыстыру негізінде жүргізіледі.

Сондықтан да дарындылықты градациялау кезінде оны дамудың үйлесімді немесе үйлесімді емес типтерімен дифференциялау керектігін есте сақтау керек.

Үйлесімді даму типіндегі дарынды балалардың тұлғасының ерекшеліктері.

Тұлғаның сапалары

Шығармашылық әрекетке талпыныс осы типтегі дарынды балалардың айрықша белгісі болып табылады. Бұл оқушылар оқыту процесінде өздерін еркін ұстайды және сондықтан да сыныптастарына қарағанда, ересектердің көмегін көп керек етпейді. Кейде педагогтар оқушының тапсырманы орындаудағы дербестігін дарындылықпен шатастырып, қателесіп жатады: материалды өзі таңдаса, оны талдап, реферат жазса, т.б. Мұғалімдердің жөнсіз араласуы, ата-аналар тарапынан болатын басы артық мәпелеу дарынды оқушыны оқыту барысына кері ықпал етеді, өзін-өзі жүйелеу процесінің дамуын тежейді, жаңаны игеруге деген ынтасын төмендетеді.

Танымдық қажеттіліктің жоғары деңгейі, көп білуге құмарлық, ұнатын ісімен ынтызарлықпен айналысу дарынды балалардың ынталандырушылық белгісі болып табылады. Дарынды балалар ерте жастан білуге, проблемаға зейін қоюда таң қаларлық қабілет байқата отырып, ерекше қызығушылық танытады. Дарынды балалардың басым бөлігіне перфекционизм яғни әрекетті орындауда кемелділікке ұмтылу тән. Кейде бала аяқталған жұмысын (шығарма, сурет, модель) бірнеше сағат бойы жетілдіру үшін қайта жасауы мүмкін. Бұл болашақтағы кәсіби жетістіктің жоғары деңгейінің кепіліне айналатын жағымды сипаттама болғанмен де, мұғалімдер мен психологтар мұндай талапшылдықтың аясын шектеуі тиіс. Әйтпеген жағдайда бұл қасиет «өзін-өзі жеуге», жұмысты соңына жеткізе алмауға ұласып кетуі мүмкін.

Дарынды балалар мен жасөспірімдердің негізгі сипаттамаларының бірі – тәуелсіздік (автономность): әрекет етуде, ойлануда көпшіліктің пікірімен санаспайды. Бұл тұлғалық қасиеттің әрекет ету барысында көмегі болғанымен, оларды қоршаған ортасы үшін ыңғайсыз етеді. Дарынды балалардың не істейтінін болжау мүмкін емес, кей жағдайда бұл қоршаған ортасымен келіспеушілікке соқтыруы мүмкін. Мұғалім осынау психологиялық ерекшелікті назарда ұстауы тиіс.



Отбасының ролі

Мұндай балалардың дарындылығын дамытуда ата-аналардың жоғары танымдық қызығушылықтары игі ықпал етеді. Баламен қарым-қатынас барысында олар тұрмыстық проблемалар шеңберінен шығады, олар бірлесе танымдық әрекетке енеді: компьютерде бірлесе жұмыс жасау, күрделі есептерді шешу. Мұндай отбасыларда ата-аналар мен баланың арасында дистанция болар-болмас болады: оның жағымды жағымен қатар жағымсыз жағы да болуы мүмкін.



Педагогтармен, құрбыластарымен қарым-қатынасы

Дарынды балалардың бұл тобы құрбыластарына қарағанда мектептегі оқу процесіне тез бейімделеді. Құрбыластары оларға үлкен құрметпен қарайды, сабақтың бәріне жақсы үлгеретіндіктен олар сыныптың «жұлдызы» болады. Бұл балалардың дарындылық деңгейіне сәйкес қиындықта тапсырмалар берудің маңызы зор. Біріншіден, оқушы түрлі көзқарастармен танысып қана қоймай, қажет болса, мамандармен қарым-қатынасқа түсе алатындай болуы керек. Екіншіден, дарынды баланың өзіндік көзқарасы болатындығын ескеретін болсақ, оған оны жүзеге асыруға мүмкіндік берілуі тиіс. Сондықтан мұғалім мұндай оқушысының өзгенің пікірімен келіспейтіндігін, өз ойын қорғайтындығын білуі тиіс.



Үйлесімсіз даму типіндегі дарынды балалардың тұлғасының ерекшеліктері.

Психикалық дамудың тепе-тең болмауы

Белгілі бір салада өте ерекше дараланатын дарынды балалардың бірқатарында психикалық дамудың тепе-тең болмауы (диссинхрония) байқалады. Бұл оның тұлғалық қалыптасуына тікелей ықпал етеді және оның көптеген проблемаларының бастауы болып табылады.

Мұндай балалар ақыл-ой немесе көркем-эстетикалық дамуда анағұрлым алда болады. Ал эмоционалдық, әлеуметтік және дене сияқты өзге психикалық салалардағы даму оған ілесе алмайды да, психикалық теңсіздіктің айқын көрінуіне әкеп соғады.

Көп жағдайда бұл балалардың эмоционалдық дамуында проблемалар кездеседі. Олардың көбісі өте сезімтал болады. Басқа балалар назар аудармайтын оқиғалар бұлар үшін уайымға салынуға әкеп соғуы мүмкін. Сын пікірлерге бола, жылауы мүмкін. Кейде іштей құсаланып, психосоматикалық ауруға ұшырауы мүмкін. Дене шынықтыру сабағына қатысқысы келмейді, спортпен шұғылданбайды.

Кейбір интеллектуалдық қабілеті жоғары балалардың проблемасы – тек білімді игеруге бағыттылығы. Бұл көбінесе ақыл-ойы жылдам дамитын балаларда кездеседі. Кішкентай кездерінен бастап оларды жақсы оқығаны үшін мақтап үйретеді де, бұл олардың танымдық әрекетінің ынталандырушы қуатына айналады. Оның үстіне олардың мұндай жетістігінің шығармашылық сипаты болмайды және нағыз дарындылығы қалыптаспайды.

Отбасының ролі

Тұлғаның дамуындағы барлық табиғи-шартты факторлар немесе мектептегі мақсатты түрде оқыту мен тәрбиелеудің ролін қанша қарастырсақ та, отбасының мәні шешуші болып табылады. Әлеуметтік жағдайының нашарлығының (тұрмысының төмен болуы, материалдық жетіспеу, толық емес отбасы, т.б.) қабілеттердің дамуына қатысты түрде ықпалы болмайды. Дарынды бала тұлғасының қалыптасуындағы маңыздысы – ата-аналардың назары. Олар баласының оқуына айрықша назар аударады, қосымша кітаптар сатып әпереді, оны қалай оқыту жөнінде мұғаліммен кеңеседі. Бұл бала бойындағы қабілетті дамытудың жағымды факторы болып табылады.



Ересектермен, құрбыластарымен қарым-қатынасы

Үйлесімсіз даму типіндегі дарынды баланың тұлғалық ерекшеліктерін түсіну үшін, оның тұлғасының қалыптасуын белгілі бір дәрежеде ықпал ететін құрбыларымен, ересектермен қарым-қатынасына талдау жасаудың маңызы зор. Дамудың біркелкі болмауынан интеллектуалдық және көркем-эстетикалық мүмкіндіктері өте жоғары балалардың бірқатарында жеткілікті қалыптасқан әлеуметтік мінез-құлық дағдылары болмайды да, қарым-қатынаста проблемалар туындайды. Көп жағдайда ерекше дарынды балалардың жүріс-тұрысында, мінез-құлқында оғаштау қылықтар кездеседі, бұл сыныптастарының қабылдамауына, мазақ қылуына әкеп соғады.

Арнайы мектептерде дарынды баланың интеллектуалдық қабілеті сәйкесінше бағаланып, құрбыларымен қарым-қатынасы анағұрлым жақсы жағдайда болады.

Мұғалімдердің ерекше дарынды балаға көзқарасы оның тұлғалық сапаларына тікелей қатысты болады. Егер педагог тәрбиелеудің «күштеу позициясы» әдісін қолданбайтын болса, онда дарынды баланың интеллектуалдық сыншылдығы, оның ақыл-ой дамуының деңгейі педагогтан да жоғары болуы тек құрмет пен түсіністікке ұласады. Басқа жағдайда мұғаліммен қарым-қатынас келіспеушілікке, бірін-бірі қабылдамауға әкеп соғады. Сондықтан да үйлесімсіз даму типіндегі дарынды балалар тұлғасының өзіндік ерекшеліктерін түсіну мұндай контингенттегі балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер үшін маңызды принциптердің бірі болып табылады. Кейде ерекше балалардың дезадаптациясы кездеседі, яғни уақыт өте келе олар қиын балалардың тобына жатқызылуы мүмкін.


ДАРЫНДЫЛЫҚТЫҢ ТҮРЛЕРІ

Дарындылық түрлерін анықтау критерийлері ретінде мыналарды атауға болады:

1) әрекет түрі және оны қамтамасыз ететін психиканың салалары;

2) дарындылықтың қалыптасу дәрежесі;

3) байқалу формасы;

4) әрекеттің сан алуан түрінде байқалу кеңдігі;

5) жас ерекшелігі дамуының ерекшеліктері.

Әрекеттің негізгі түрлеріне: практикалық, теоретикалық (баланың жасын ескеретін болсақ), көркем-эстетикалық, коммуникативтік және рухани құндылық жатады.

Психиканың салалары интеллектуалдық, эмоционалды және ынталандырушы-еріктік болады. Әрбір саланың аясында психикалық ұйымдастырудың мынадай деңгейлерін атап көрсетуге болады. Яғни, интеллектуалдық саланың аясында сенсомоторлық, кеңістік-көру (визуалды) және ұғымдық-логикалық деңгейлер. Эмоционалды саланың аясында – эмоционалдық қабылдауы мен эмоционалдық қайғыруының деңгейі. Ынталандырушы-еріктік саланың аясында – ой шақыру, мақсат қою және мағынаны ұғыну деңгейлері. Сәйкесінше, дарындылықтың мынадай түрлері айқындалады:

– практикалық әрекетте, көбінесе, қолөнері, спорттық және ұйымдастырушылық дарындылықтарды айтуға болады.

– танымдық әрекетте - әрекеттің пәндік мазмұнына қатысты интеллектуалдық дарындылықтың сан түрі айқындалады (жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар саласындағы, интеллектуалдық ойындар саласындағы, т.б. дарындылықтар);

– көркем-эстетикалық әрекетте – хореграфиялық, әдеби-поэтикалық, бейнелеу және музыкалық дарындылықтар;

– коммуникативтік әрекетте – лидерлік және аттрактивтік дарындылықтар;

– рухани-құндылық әрекетте – жаңа рухани құндылықтар туғызудан және адамдарға қызмет етуден байқалатын дарындылықтар.

Дарындылық түрлерін «Әрекет түрі және оны қамтамасыз ететін психиканың салалары» критерийі бойынша жіктеу дарындылық табиғатының сапалық болмысын түсінуде анағұрлым маңызды. Бұл критерий бастапқы болып табылады.

Бұлай жіктеудің аясында мынадай екі мәселені шешуге болады:

– Дарындылық пен жекелеген қабілеттердің арақатынасы қандай?

– Дарындылықтың «шығармашылық дарындылық» деген ерекше түрі болады ма?

«Дарындылық» және «шығармашылық дарындылық» ұғымдары мәндес болып табылады. «Шығармашылық дарындылық» шартты түрде айтсақ, бұл – кез келген әрекетті жоғарғы деңгейде орындау ғана емес, сонымен қатар оны қайта жасау және дамыту болып табылады.

«Дарындылықтың қалыптасу дәрежесі» критерийі бойынша дарындылықты былай жіктеуге болады:

– актуалды дарындылық;

– әлеуеттік дарындылық.

Актуалды дарындылық – бұл жас ерекшелігі және әлеуметтік нормалармен салыстырғанда нақты пәндік салада іс-әрекетті орындаудың жоғары деңгейінде байқалатын психикалық дамудың белгілі бір көрсеткішіне қол жеткізген баланың психологиялық сипаттамасы. Актуалды дарынды балалардың ерекше категориясын талантты балалар құрайды. Таланты бала – бұл қол жеткізген табысы объективті жаңашылдық пен әлеуметтік маңызды талаптарға сай келетін бала деп есептеледі. Әлеуметтік дарындылық – бұл әрекеттің белгілі бір түрінде жоғары нәтижеге жетудің психикалық мүмкіндігі бар, дегенмен сол сәтте өз мүмкіндігін оның функционалды жетімсіздігінен жүзеге асыра алмайтын баланың психикалық сипаттамасы. Бұл әлеуеттің дамуына бірқатар келеңсіз себептер (қиын отбасы жағдайы, ынталандырудың аздығы, өз әрекетін реттей алмау, қажетті білімдік ортаның болмауы, т.б.) кедергі болады. Әлеуеттік дарындылық баланың бастапқы психологиялық мүмкіндігіне нақты дамытушы ықпалды қамтамасыз ететін жағымды жағдайда байқалады.

«Байқалу формасы» критерийі бойынша айқын және жасырын дарындылық туралы айтуға болады.

Айқын дарындылық баланың әрекетінен нақты көрінеді. Баланың дарындылығы күмән тудырмайды, оның жетістігі көзге ұрып тұрады.

Жасырын дарындылық атиптік, жасырын формада байқалады, оны айналасындағылар байқамайды. Нәтижесінде бала дарынды емес деген қате қорытынды жасалуы мүмкін. Ол «болашағы жоқтардың» қатарына жатқызылып, қажетті көмек пен қолдаудан ажырауы мүмкін. Көбінесе «сүйкімсіз үйректен» көп адам «ғажайып аққуды» көре алмайды, дегенмен осындай «болашақсыз балалардың» жоғары нәтижеге жеткені жиі кездеседі.

Жасырын дарындылық феноменін тудыратын себептерді бала қалыптасатын мәдени ортадан, оны қоршаған адамдармен қарым-қатынас жасау ерекшелігінен, оны тәрбиелеп, дамытудағы ересектердің қателіктерінен іздеу керек. Жасырын дарындылық – табиғаты жағынан күрделі құбылыс.

Жасырын дарынды балаларды анықтау бір сәттік психодиагностикалық бақылаумен шектелмейді. Мұндай типтегі дарынды балаларды идентификациялау – баланың мінез-құлқын талдаудың көп деңгейлі әдістер кешеніне негізделген ұзақ процесс.

«Әрекеттің сан алуан түрінде байқалу кеңдігі» критерийі бойынша жалпы және арнайы дарындылықты көрсетуге болады.

Жалпы дарындылық әрекеттің сан түрінен байқалады және олардың өнімділігінің негізі болып табылады. Жалпы дарындылықтың маңызды аспектісі – ақыл-ой белсенділігі және оның өзіндік реттілігі.

Жалпы дарындылық баланың мақсаттылық дәрежесін, әрекетке ынты-шынтысымен берілу деңгейіне сәйкес анықталады.



Арнайы дарындылық әрекеттің нақты бір түріне (поэзия, математика, спорт, қарым-қатынас, т.б.) қатысты болады.

«Жас ерекшелігі дамуының ерекшелігі» критерийі бойынша ерте және кеш байқалатын дарындылық деп жіктеуге болады.

Ерте дарындылыққа мысал ретінде «вундеркиндтерді» атауға болады. Вундеркиндтің сөзбе-сөз аудармасы «ғажайып бала». Олар - жасына лайық емес мүмкіндіктерімен таң қалдыратын, психикалық дамуы ерекше балалар.



МЕКТЕП ПРАКТИКАСЫНДА КЕЗДЕСЕТІН ДАРЫНДЫЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАРЫ

  1. Жалпы дарындылық деңгейлері бойынша жоғары көрсеткіш танытқандар.

  2. Әрекеттің нақты бір саласында жетістікке қол жеткізгендер: музыкант, суретші, математик, спортсмен. Бұларды көбінесе таланттылар деп атаймыз.

  3. Мектепте үздік оқитындар, яғни академиялық дарындылар.

Жоғарыда айтылғандарды есепке ала отырып, дарынды балаларды анықтаудың мынадай ұстанымдары тұжырымдалды:



    1. түрлі ақпарат алу көздерін пайдаланып, бала қабілеттерін кең көлемде қамтуға мүмкіндік беретін баланың мінез-құлқы мен іс-әрекетін жан жақты бағалаудың кешендік сипатты;

    2. баланы танып – білу мен зерттеудің ұзақтығы (баланың түрлі жағдайдағы іс-әрекетін кең уақыт көлемінде бақылау);

    3. баланың қызығушылығы мен бейімділігіне барынша сәйкес келетін қызмет аясында баланың іс-әрекетіне талдау жүргізу (арнайы ұйымдастырылған пәндік-ойындық сабақтарға қатыстыру, сәйкесінше түрлі іс-шараларға қатыстыру);

    4. баланың психологиялық кедергілерін жоюға мүмкіндік беретін тренингтік әдістерді пайдалану;

    5. баланың дарындылық белгісін оның психикалық дамуының нақты деңгейінде ғана емес, сондай-ақ оның болашақтағы даму мүмкіндігін есепке ала отырып бағалау.

Сонымен қатар балада танымдық ынталану жоғалғанда немесе тіптен болмаған жағдайда оның жасырын дарындарын диагностикалауға көмегін тигізеді.

Осылайша, сауалнамалар бала бойындағы қандай да бір дарынды анықтауда пайдаланылатын әдістердің бірі ретіне қолданылады. Алынған ұпайдың артында не тұрғанын және сауалнама жүргізу мен оның берілгендерін өңдеу барысындағы болар-болмас өзгерістерді түсіну мен зерделеу үшін білікті мамандардың бақылауымен өтетін теориялық және тәжірибелік дайындық қажет. Сондықтан да сауалнаманы тиянақты дайындықтан өткен психологтар жүргізуі тиіс.

Дарынды балаларды анықтауда кешенді қадам жасау ұтымдырақ болатыны сөзсіз. Бұл тұста кең ауқымды түрлі әдістер қолданылады:


  • баланың отбасылық жағдайы, оның ерте балалық шағынан бергі жетілуі туралы ақпараттарды жинаудағы түрлі әдістер (ата-аналармен әңгіме, сауалнама алу, балалар шығармалары, күнделік жазбалары және т.б.);

  • арнайы психодиагностикалық тренингтер;

  • арнайы бағдарламалар бойынша “байқау” сабақтарын өткізу, балаларды арнайы ойын және пәндік-бейімделген сабақтарға қатыстыру;

  • арнайы бағдарлама жасау және білікті мамандардың қатысуы;

  • баланың шығармашылық жұмысының нақты нәтижелеріне (суреттер, өлеңдер, техникалық модельдер, т.б.) мамандар тарапынан сараптау.

Оқушының дамуы мен тәрбиелілік деңгейін диагностикалаудың барлық түрлері сияқты бала дарынын анықтауда бала оқитын сыныпқа сабақ беретін мұғалімдердің, сондай-ақ мектеп кітапханашысы мен дәрігерінің пікірлерін ескеріп, мүмкіндігінше педагогикалық кеңестер жүргізген дұрыс. Сондықтан диагностикалық әдістер де кешенді сипатқа ие.

Демек, дарынды балаларды анықтау-арнайы бағдарлама мен білікті мамандардың қатысуын қажет ететін өте күрделі мәселе және дарынды балалармен жұмыс істеудегі қажетті кезең болып табылады.



Дарындылықтың ынталандырушылық (мотивациялық) саласы мынадай сипатта болады:

  • танып-білуге, ақыл-ой жұмысына деген шынайы қызығу, ұмтылу және еңбектену, нәтижесіне қуану мен қанағаттанудың айқын көрінуі;

  • өз бетімен жүргізетін шығармашылық – зерттеу жұмыстарына деген ұмтылыс пен қызығушылық;

  • өзіндік қабілеттер аясында түрлі оқу және оқудан тыс уақыттағы жұмыстарға қатысуға деген ұмтылыс;

  • өзін жетілдіруге, ойларын жүзеге асыруға, өзін және өз жұмысының нәтижесін бағалай алуға қабілеттілігі мен ұмтылысы.

Танымдық компонентінің сипатты:

  • жоғары танымдық мүмкіндіктің болуы, айқын қабілеттер мен шығармашылық қабілеттердің болуы;

  • жеке жауапкершілікті түсіну, ішкі басқару тұтқасының болуы.

Субьектінің процессуалдық компонентінің сипаттары:

  • жаңалық ашуға деген мақсаттылық, ілкімді, жылдам, ілеспелі және шығармашылық ой өрісінің кеңдігі, зерттеушілік және шығармашылық ізденісте жүру;

  • жалпы оқу дағдылары мен қабілеттері жоғары деңгейде, танымдық қажеттілігі мақсатты әрі саналы сипатқа ие, мәселенің маңыздылығын зерделей алады;

  • өз жұмысының нәтижесіне болжам жасай отырып, өз ойының түпкі өнімін жоспарлай алады;

  • жоғары белсенділік, ойлаудағы еркіндік, алынған ақпараттарды оңай үйлестіре білу.

Бірқалыпсыздық ішкі (әлеуметтік) және сыртқы деңгейде байқалады. Әрине, кез келген адам сияқты,кез келген дарынды бала да өз алдында ерекше болып келеді. Әйтсе де біз оқушылар дарындылығының дамуын аса дарынды және дарынды деген екі түрге бөліп отырамыз.

Аса дарынды балалар деңгейіне жатқызылған оқушылар ерте жастан танып-білуге құштарлық, таңғажайыптарға деген қызығушылық танытады және оларға адамның табиғи қасиеті ретінде зерттеушілік мінез-құлық тән. Қоршаған ортаны танып-білуге деген қызығушылық біртіндеп тұрақты танымдық сұранысқа айналып, үлкен жасөспірімдік және бозбалалық жасқа келе қандай да бір білім саласындағы басымдылыққа ие болады.

Бұл жастағы балалар өзінің дарындылығын жеке өмірінің қалыптасуында маңызды екенін ғана емес,сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалының дамуында да маңызды рөл атқаратындығын түсінеді.

Қандай да бір білім беру мен қызмет саласындағы анық байқалатын қабілеті бар оқушы өзін-өзі жүзеге асыруға деген қажеттілікті сезіне біледі.

Осылайша, біздің бақылауларымыздың дарынды балалармен әңгімелесу мен ой эксперименттерінің негізінде аса дарындылық деңгейінің көрсеткіштері 90-100%-ға сәйкес келуі керек.

Ал дарынды балалар ақпарат көздерімен жақсы жұмыс істей алады, академиялық үлгерімі өте жақсы. Оқу тапсырмаларын орындауда дәстүрлі емес шешімдер ойлап табады. Мұғалімнің жетекшілігімен зерттеу жұмыстарын жүргізеді, оның мазмұнына шығармашылық элементтерін енгізеді. Оларда қалыптасқан рефлекс элементтері болғанымен, толық зерделей алмайды. Дарынды балалар барлық көрсеткіштерін 75% дан кем көрсетпеуі тиіс.

Ресей ғалымдарының пайымдауынша, жасырын дарынды балалар болады. Олар өз қабілеттерін түрлі психологиялық кедергілерге байланысты ашық көрсете алмайды.



ДАРЫНДЫЛЫҚТЫҢ БЕЛГІЛЕРІ

Дарындылықтың белгілері дарынды баланың мінез-құлқының екі аспектісін қамтиды: инструменталдық және ынталандырушы (мотивациялық).



Инструменталдық аспекттің белгілері:

1) Іс-әрекеттің арнайы стратегиясының болуы. Соған сәйкес іс-әрекеттің нәтижелілігінің негізгі үш деңгейі анықталады:

– іс-әрекетті тез игеру және оны орындаудың жоғары нәтижелілігі;

– берілген жағдаяттан шешім қабылдау жағдайында әрекеттің жаңа тәсілдерін ойлап табу және қолдану;

– пәнді терең меңгеру есебінен жағдаятты жаңаша бағалауға мүмкіндік беретін әрекеттің жаңа мақсаттарын ұсыну.

2) Дарынды баланың өзін-өзі реттеу жүйесінің болуына қатысты «бәрін өзінше жасау» бейімділігіен байқалатын өзіндік дербес сапалы іс-әрекет стилінің қалыптасуы.

3) Дарынды баланың білімін ұйымдастырудың ерекше типі: жоғары құрылымдылық; сан алуан байланыстар жүйесінен оқылатын пәнді тани білу қабілеті; нақтылық сипат (жалпы идеяларға құмарту, жалпы заңдылықтарды тауып, құрастыруға бейімділік).

4) Оқытылудың өзіндік типі. Дарынды балалар кіші жастан бастап, оқуға деген құмарлықтарымен ерекшеленеді, сондықтан оларға мақсатты түрде ықпал ете отырып, вариативті, байытылған дербестендірілген білім беру ортасын құру жөн.

Дарынды бала мінез-құлқының ынталандырушылық аспектісі мынадай белгілермен сипатталады:

1) Пәндік әрекеттің (белгілерге, дыбыстарға, түстерге, техникалық құралдарға, өсімдіктерге) немесе өз белсенділігінің (дене, танымдық, көркем-мәнерлі, т.б.) белгілі бір тараптарын таңдауда жоғары сезімталдық.

2) Білуге құмарлықтан көрінетін жоғары танымдық қажеттілік.

3) Нақты бір сабаққа немесе әрекет саласына деген айқын байқалатын қызығушылық.

4) Стандартты, типтік, дайын жауаптарды қажет етпеу, қайшылықты, анық емес ақпараттармен жұмыс істеуді ұнату.

5) Өз еңбегінің нәтижесіне жоғары талапшылдық, қиын мақсаттар қоюға, соған жетуге талаптануға бейімділік.

Дарынды баланың мінез-құлқы жоғарыда аталған белгілерге сәйкес келуі міндетті емес. Дарындылықтың мінез-құлықтық белгілері вариативті әрі әлеуметтік мазмұнға тәуелді болады. Дегенмен осы қасиеттердің біреуін бала бойынан байқасаңыз, оны маманнның көмегімен ұзақ уақыт бойы мұқият зерттеп талдау қажет.
«ДАРЫНДЫЛЫҚ» ЖӘНЕ «ДАРЫНДЫ БАЛА» ҰҒЫМДАРЫНЫҢ АНЫҚТАМАСЫ

Дарындылық – бұл өмір сүру барысында дами беретін, адамның өзгелермен салыстырғанда әрекеттің бір немесе бірнеше түрінде жоғары нәтижеге жету мүмкіндігін айқындайтын психиканың жүйелі сапасы.

Дарынды бала – әрекеттің белгілі бір саласында айрықша нәтижелерімен (мұндай нәтижеге жетудің ішкі алғышарттары болады) ерекшеленетін бала.

Баланы дарынды деп бағалау шартты нәрсе. Баланың үздік қабілеттері оның болашақтағы жетістіктерінің тікелей әрі жеткілікті көрсеткіші бола алмайды. Бала бойында байқалған дарындылықтың белгілері уақыт өте келе жоғалып кетуі де мүмкін. Бұл жағдай дарынды балаға арналған практикалық жұмыстарды ұйымдастыруда ескерілуі тиіс. Сондықтан да практикалық жұмыстар кезінде «дарынды бала» ұғымының орнына «дарындылық белгілері байқалатын бала» ұғымын қолданған дұрыс.



ҚОРЫТЫНДЫ
Берілген Концепция бала дарындылығы сияқты күрделі де көпаспектілі құбылысқа тұтас амалды көрсетеді. Мұнда дарындылыққа өмір бойы дами беретін психиканың жүйелі сапасы ретінде түсінік беріледі. Концепцияда дарындылықтың негізгі белгілерін әрекеттің – инструменталдық және ынталандырушылық сияқты екі аспектісінде жүйелеу тәртібі берілген. Дарынды балалармен жүргізілетін нақты практикада көбінесе байқалған дарындылықтың түріне назар аударылады. Бұл бала дарындылығына деген тар прагматикалық амалдың көрінісі болып табылады. Сондықтан да концепцияда дарындылықтың әлеуеттік және жасырын түрлері болатынына тоқтала келе, осындай дарындылық белгілері байқалатын балалармен жұмыстың ерекше, ғылыми негізделген әдістерінің қажеттігі атап өтіледі.

Дарынды баланы анықтау бұл қасиетті идентификациялаудың кешенді және дербестендірілген бағдарламасы аясында жүзеге асырылуы тиіс.

Бұл Концепцияны жүзеге асыру дарынды балалармен жұмыс істейтін мамандарға ерекше талаптар қояды, себебі дарынды балалармен жұмыстың негізгі мақсаты – олардың адамзат өркениетінің маңызды ресурсы болып табылатын дарынды адамға айналуына ықпал жасау.


ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРДЫ ОҚЫТУ ФОРМАЛАРЫ

Дарынды балаларды оқытуға арналған білім беру құрылымының типтері

Дарынды балаларды оқытуға арналған негізгі білім беру құрылымы ретінде мыналарды бөліп атауға болады:

а) мектепке дейінгі білім беру жүйесі;

б) жалпы білім беретін мектептердің жүйесі;

в) қосымша білім беру жүйесі;

г) дарынды балалармен жұмысқа бағдарланған мектептер жүйесі (лицей, гимназия, арнайы мектептер, т.б.);


с. 1 с. 2 с. 3 с. 4

скачать файл